• БАЛДЫРҒАН
  • 29 Шілде, 2023

Белгілі балалар ақыны Жәнібек Кәрбозиннің туғанына 90 жыл

Жәнібек аталарың небәрі 51 жыл ғұмыр кешті. Ол Алматы облысы, Жамбыл ауданында туып-өсті. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірді. Мектептерде ұстаздық қызметте болды. Республикалық газет-журнал редакцияларында жұмыс істеді. Өмірі қысқа болса да, ол балалар әдебиетінің дамуына барынша үлесін қосты. Балаларға арналған жеті жыр жинағын шығарды. Біз ақынның 90 жылдық мерейтойына орай өздеріңе ол кісінің бір топ өлеңдерін ұсынып отырмыз.
 

Атама ұқсайды

Қызық кино боп жатыр:
Жауды күтіп қол жатыр.
Дүрбісімен қарайды
Алдын шолып шоң батыр.

Аңдысуда екі жақ,
Айқасуға қалды аз-ақ.
Ұшып тұрды сол кезде
«Уралаған» бір қазақ.

Жауынгер түк бұқпайды,
Жауған оқтан ықпайды.
Әжем айтқан «өжет» деп,
Атама ол ұқсайды.

Болсын кино жүз, мейлі,
Мен атамды іздеймін.
«Көрермін,– деп,– бір күні»,
Одан күдер үзбеймін.

Қашып кетті күшігім

Күшігіме: «Кет!» – деп ем,
Кетпеген соң, тепкен ем,
Күштімін ғой, жалп етті,
Жалп етті де, қаңқ етті.

Өзін қатты аядым,
«Күшігім!» – деп таядым.
Әуре болдым, не керек,
Қашып кетті өкпелеп.

Қоян

Қоян, қоян,
Секеңдеп:
«Судан қарғып
Өтем!» – деп,
Тайып, құлап
Түстің.
Не болды енді
Үстің?!
Сен әзірше
Тек тұр.
Киіміңді кептір!
 

Көз болса...

Бақылау есептен...
Жазам да, өшірем.
Арттағы Есеттен
Ал қалай көшірем?

Есепті шығарар
Болмай тұр күй менде.
Арт жаққа бір қарар
Көз болса шүйдемде!

Ескерту

Партасына жазылған
Көп шимайды көрді.
Ашуланып ол бұған,
Сүртті әлгі жерді.

Тығылды да қалқаға,
Парта бетін ойды.
«Жазба, – деп, – бұл партаға»,
Өзі жазып қойды.
 

Құлақ

Қонақтардың алдына
Былбыраған бас келді.
Бір ақсақал алды да,
Сыйлап жатыр басқа елді.

Қыңқылдадым атама:
– Құлақ, құлақ, құлақ! – деп.
Аунай бердім жата қап,
Жұрт алдында жылап көп.

Ақырында қолыма
Тиді қойдың құлағы.
Атам кейін сорыма
Құлағымды бұрады.

Байқасамшы

«Ойнайық», – деп Сәтен келді,
Мен де қарап қалмадым.
Өзім киіп бәтеңкемді,
Бауын да өзім байладым.

Киінгенде асып-саспай
Байқасамшы бір қарап:
Бәтеңкемнің екі басы-ай
Екі жаққа тұр қарап.

846 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

31 Тамыз, 2023

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы