- Әңгіме
- 29 Шілде, 2023
Көпір
Бердалы РЫСБЕКОВ
Ауыл шетіндегі шағын өзенге тұрғындар жабылып көпір салды.
– О, көпіріміз өте тамаша! – деп шуласты адамдар біткен жұмыстарын айнала қызықтап.
– Ал, халайық, құтты болсын! Бұл көпір енді бәрімізге қалтқысыз қызмет етсін! – деді осы шаруаның басы-қасында болған Әбіш ұста ерекше шат көңілмен ара-балтасын жинап, сөмкесіне салып жатып.
– Рақмет! – деп сыбырлады жаңа көпір көпке шынайы қызмет ететінін жеткізгісі келіп. Бірақ оның дауысын ешкім есіткен жоқ.
Біткен көпірге бірінші боп балалар келді.
– Ой, қандай жақсы болды! Енді су кешпейміз! Әдемі көпіріміз бар! – деп асыр салды олар бөрене үстінде әрі-бері шапқылап. – Мына жерден суға секіріп ойнауға да болады екен! – деді ересектері.
Бұл сөзге жаңа көпір масаттанып бірдеңе айтпақ болып еді, онсыз да мәз боп жүрген балалар оны құлағына ілмеді.
Аздан соң өткелге ат мінген екі жолаушы келді.
– Бәрекелде-е! Ел болған соң осындай болу керек! – деді жолаушылар. – Ынтымағы жарасқан, берекелі ел екен, жап-жақсы көпір салыпты.
Аттар тұяғымен тақтайды тарс-тұрс басып демде өте шықты. Ал көпір олардың зіл салмағына былқ етпестен тұра берді.
Көп ұзамай, есек мінген қарт келді. Тарсылдаған өз тұяғынан өзі үріккен есек аяғын санап басты. «Шу-шулеп» жүріп көпірден әрең өткен шал артына қарап:
– Рақмет, саған көпір! Сен болмағанда, мына есекке су жалдатып, әуре болар едім. Енді жақсы болыпты, – деді.
– Алғысты маған емес, мына елге, анау Әбіш ұстаға айтыңыз, – деп айқайлады көпір. – Мені салған солар.
Бірақ оның үнін құлағының мүкісі бар қария естіген жоқ. Екі алақанын жайып:
– Жастар аман болсын! Ел-жұрт берекелі болсын! – деп бата жасап, бетін сипады.
Бұған одан сайын марқайған көпір тағы бірдеңе дегісі келіп еді, бірақ оны ешкімнің естімейтінін ойлап қоя қойды.
Сол-ақ екен, өн бойын бір көңілсіздік басты.
– Мені неге ешкім естімейді? – деді көпір қатты мұңайып. – Мені неге ешкім естігісі келмейді, ә! Ойымды айтайын десем...
Сол ақ екен:
– Жоқ, сен қапа болма! Мен сені манадан бері естіп тұрмын, – деді таяу маңнан әлдекім.
Бажайлап қараса, анадай жерде тұрған кәрі терек екен.
– Сен мұңайма! Сен өте бақыттысың, – деді ол тағы. – Өзің көрдің ғой, өткендердің бәрі саған алғыс айтып жатыр. Бұл дүниеде көп алғыс алғаннан артық қандай бақыт бар?!
Мұны естіген көпір иланды.
– Рас, мен бақытты екенмін. Өйткені, көпке қызмет етіп жатырмын. Ал сөзімді естімесе, мейлі емес пе! – деді ішінен.
– Әрине, сен бақыттысың! – деді кәрі терек басын изеп.
Шымкент қаласы
2826 рет
көрсетілді0
пікір