- Әңгіме
- 29 Шілде, 2023
Үлкендер мен кішкентайлар

Софья ПРОКОФЬЕВА,
орыс жазушысы
(ертегі-әңгіме)
Бірде Көгілдір жемелек таққан кішкентай Лена қыздың орманға барғысы келді.
– Орманға жалғыз барма, Ленажан, – деді Маша. – Онда жолдар мен соқпақтар көп. Жарға құлап кетсең – біткенің, үйіңе қайтып келе алмайсың. Сен әлі кішкентайсың.
Лена қыз оны тыңдаған жоқ, орманға жалғыз кетті.
Бір сағат өтті, екі сағат өтті, үш сағат өтті. Лена қайта оралатын емес. Машаның зәресі ұшып, Ойкаға жүгірді.
– Ойка, орманға барып, Ленаны іздейікші. Екеуміз үлкенбіз ғой, күзде бірінші сыныпқа барамыз, ал Лена әлі кішкентай. Небәрі үш жаста.
– Ой, сенің қайдағыны ойлап табатының не осы? – деп бажылдады Ойка. – Орман кезіп, қайдағы бір қызды іздейтін жайым жоқ. Айтпа! Бармаймын!
Амал жоқ, Маша орманға жалғыз кетті. Жолға жүгіріп Көжек шықты.
– Қайда бара жатырсың, Маша?
– Көгілдір жемелекті Лена қыз орманда адасып кетсе керек, – деп жауап берді Маша. – Ол кішкентай ғой, ал мен үлкенмін.
– Мен де үлкенмін, – деді Көжек. – Күзде қояндардың мектебіне барамын, бірінші сыныпқа. Ленаны бірге іздейік.
Міне, енді Маша мен Көжек соқпақ жолмен салып ұрып келеді. Кенет бұтақтан Тиіншек секіріп түсті.
– Екеуің қайда асығып барасыңдар?
– Біздің Ленамыз орманда адасып кеткен сияқты, – деді Маша. – Ол кішкентай ғой, ал біз үлкенбіз. Соны іздеп бара жатырмыз.
– Мен де сендермен барам! – деді Тиіншек. – Мен де үлкенмін. Күзде тиіндердің мектебіне барамын, бірінші сыныпқа.
Жолмен үшеулеп жүріп келеді, айналаға қарап қояды. Бір кезде кәрі еменнің тасасынан Қонжық шыға келді.
– Үшеуің қайда асығып барасыңдар?
– Біздің Көгілдір жемелекті Лена қызымыз орманда адасып кеткен сияқты, – деп жауап берді Маша.
– Мені де ала кетіңдер! – деді лепіре сөйлеген Қонжық. – Мен де үлкенмін. Күзде аюлардың мектебіне барамын, бірінші сыныпқа.
Енді бәрі қосылып, жолмен жүріп келеді, айналаға қарап қояды, әр бұтаның астына көз салады.
Бір кезде қараса, Көгілдір жемелекті Лена қыз бұлақ бойындағы қойтастың үстінде жылап отыр екен. Айналасы толған бақа, олар да жылаған. Судан бастарын қылтитып қараған балықтар да жабырқау.
– Мен адасып кеттім, үйімнің қайда екенін білмеймін, – деп жылады Лена. – Қазір кеш болды, содан соң – түн. Құрыды деген осы.
Маша жүгіріп Ленаға барды. Қалтасынан әппақ қол орамалын алып, оның жасын сүртті.
Содан соң Ленаны қолынан алып, екеуі жолға түсті де Ленаның үйіне тартты. Сол арада орманнан жүгіріп Көжектің анасы шықты. Секеңдеп Ақтиін жетті. Қонжықтың енесі – сабалақ жүнді Кірекей келді. Бәрі жабылып, балаларын мақтап жатыр.
– Әй, жарайсыңдар! Ақылдарыңнан айналдық! Кішкентай қызды далаға тастамай, қамқор болғандарыңнан!
– Енді ешқашан орманға жалғыз бармаймын, – деді Көгілдір жемелекті Лена.
Ал Ойка состиып шетте тұрды. Оған ешкім қараған жоқ. Ешкімнің онымен сөйлескісі де келмеді. Мұңайған қалпы жыларман болып тұра берді.
– Ой, мені кешіріңдер! – деді Ойка бір кезде ақырын ғана. – Енді мен ешқашан бұлай етпеймін. Үлкендердің үнемі кішкентайларға көмектесулері керек екенін мен енді білдім.
Аударған Бекболат ӘДЕТОВ

2804 рет
көрсетілді0
пікір