• БАЛДЫРҒАН
  • 29 Маусым, 2023

Белгілі ақын Бауыржан Жақып 60 жаста

Балалар, Бауыржан аталарың елімізге танымал ақын. Сонымен қатар ол ғибратты ғалым. Академик. Ұлағатты ұстаз. Қоғам қайраткері. Көп жыл әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде ұстаз болған. Журналистика факультетінің деканы болып, болашақ журналистерді тәрбиелеген. Кейін Қазақ Ұлттық энциклопедиясына басшылық жасады. Қазір Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының орынбасары. «Парасат», «Құрмет» ордендерімен марапатталған. Мұқағали Мақатаев атындағы және Халықаралық «Алаш», «Дарын» жастар сыйлықтарының иегері.
Бауыржан аталарың осындай жауапты қызметтерді атқара жүріп өлең жазуды да бір сәт ұмытпаған жан. Оның оншақты жыр кітабы жарық көрген. Ақын балаларға арналған көптеген әдемі өлеңдердің де авторы. Біз өздеріңнің аттарыңнан ақын аталарыңды мерейлі жасымен құттықтап, бір топ өлеңін назарларыңа ұсынып отырмыз.

Ақ лақ

Ән айт десең, ән дайын,
Тақылдайды таңдайым.
Ақ мамама еркелеп,
«Мама!» – деймін әрдайым.

Бар менде бір ақ лақ,
Айтқанымды қағып ап,
Енесіне еркелеп:
«Мә-мә!» – дейді маңырап.
 

Туған жерге саяхат

Тау-тасыңды кеземін, 
Туған жерім, жайнашы!
Мөлдіреген өзенің – 
Көк аспанның айнасы.

Тал, терекке қарап ап,
Өлең айтып беремін.
Тоғайыңды аралап,
Қарақатын теремін.

Тойып алып жидекке,
Қойып кетем суыңа.
Құлағымыз үйренген
Құстарыңның шуына.

Әсем көркің әр берген,
Саяхатшы баламын.
Өскенде де жер көрген 
Мен жиһанкез боламын.

Біздің балабақшамыз

Есік ашық, бақсаңыз,
Әсем балабақшамыз.
Аспанында күн кешкен,
Ауласында гүл де өскен.

Ағаштары саялы,
Жапырағын жаяды.
Айналаның сәнімен,
Танысамыз бәрімен.

Тақпақ жаттап сан қилы,
Үйренеміз ән-күйді.
Батыр болсаң, дайындал.
Ойналады ойындар.

Тәрбиеші апайға 
«Рақмет» айтамыз.
Кешке қарай қалай да,
Көңілденіп қайтамыз.
 

Әліппе

Қырық екі әріппен,
Таныстырған Әліппем.
Ежіктемей сөздерді,
Оқи алам танып мен.

«А»-дан бастап оқыдық,
Аяқтадық «Я»-мен.
Маржандай қып жазуды,
Жаза аламын сиямен.

Әліппені оқыған,
Данышпаның, данаң да.
Әліппені тоқыған,
Әкең менен анаң да.

Әліппеден бастаған
Білім жолын ғалым да.
Әліппені ашпаған
Жоқ өмірде дарын да.

Жазушы да, ақын да,
Спортшы да, батыр да.
Әйбәт тақпақ жаттаған,
Осы Әліппе хақында.
Сұрап тіпті көре бер,
Сенбей жүрсең сен егер,
Әліппеден бастаған,
Президент пен Премьер.

Техниканы игерген 
Инженерлер тұс-тұста,
Әліппені үйренген,
Ғарышкер де, ұшқыш та.

Әнші менен күйші де,
Мың бұралған биші де.
Еске алады әрдайым
Әліппені сүйсіне.

Құрметтеген қалың ел – 
Мұғалім мен дәрігер.
Әліппеден басталып,
Өмір жолы өрілер.
 

Ку-ка-ре-ку

Айта аламын бақырып,
Әтеш, сенің әніңді.
Ерте тұрып, шақырып,
Оятасың ауылды.

Болсам саған ақылшы,
Ақылыма таңғалма.
Бірақ та сен, шақыршы,
Менің ұйқым қанғанда.

Көбелек

Ақ көбелек, көк көбелек,
Қызыл, сары, көп көбелек,
Гүл тыңдасын, сен де тыңда
Ән айтпайды текке бөбек.

Ақ көбелек, көк көбелек,
Қызыл, сары, көп көбелек,
Жаз да келді, мен де келдім
Екеумізден кетпе бөлек.

Ақ көбелек, көк көбелек,
Қызыл, сары, көп көбелек,
Жеті түсті күн сәулесін
Қанатыңмен өт себелеп.
 

Сары балапан

Жем бергенде, жем жейді,
«Кел!» – дегенде, келмейді.
Балапаным сары үрпек,
Әрі қорқақ, әрі үркек.

Дұрыс емес келмеген,
Алақаннан жем берем.
Қорықпаймын мен сенен,
Қорықпашы сен менен.

978 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

31 Тамыз, 2023

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы