- Әңгіме
- 29 Маусым, 2023
Адал дос – Аққұс

Меңдібай ӘБІЛҰЛЫ
(әңгіме)
Жаздың ыстық күндерінің бірі. Бір топ бала ауыл сыртындағы «Ащы көлге» шомылуға барды. Олармен бірге Әділдің аппақ иті Аққұс та еріп барды. Көл суы мөп-мөлдір, тып-тынық. Жағасында қамыс пен қоға жайқалып тұр. Қалың ну арасынан анда-санда пыр етіп қасқалдақ ұшады. Одан әрі «Сарман құмның» етегінен көсіліп сары құм басталады. Құмның үсті баялыш пен сексеуіл.
Балалар киімдерін шешіп, көлге түсті. Су салқын екен, сәлден соң барып еттері үйренді. Бір-біріне су шашып, бір-бірін қуып, ойын бастады.
– Көлдің арғы жағасына кім өтеді? Өтетіндер болса, менің артымнан ерсін, – деді Әділ көлдің ортасына қарай жүзіп.
«Мен шығам» деп ешкім айта алмады. Себебі көлдің арғы шеті көзге жақын көрінгенмен, біраз жер еді.
Әділ құлаштай жүзіп көлдің ортасына жетті. Достары оның мұндай мықты жүзетінін бұрын көрмеген болатын. Ізінен пайда болып, екі айырылған ақ толқын барған сайын кеңейіп бара жатты.
Әділ сол екпінімен көлдің ортасынан да асып кетті. Енді бір «әуп!» десе жағаға ілінер еді. Оның шеберлігіне таңғалған достары «жарайсың» деп айқай салды.
Кенет Әділдің қимылының баяулағаны байқалды. Ол біресе батып, біресе шығып, суды қолымен шалпылдата бастады.
– Әділ, шаршап қалдың, қайт бері! – деді Жұман үдірейіп.
– Тез, кері қайт, Әділ! – деп айқайлады Сағит дауысы дірілдеп.
– Тоқтама, Әділ, жүзе бер, – деді Жандұлла.
Осы кезде жыңғылдың көлеңкесінде жатқан Аққұс бірнәрсені сезгендей орнынан атып тұрды. Әділ суға бір батып, бір шығып, оң қолын ербеңдетті.
Балалар дереу Аққұстың жанына барып, көлдің ортасындағы Әділді көрсетті.
Аққұс көлге қарап қыңсылап аз тұрды да, құлақтарын тікірейтіп, суға гүмп берді. Әділге қарай тура жүзді.
– Аққұс! Аққұс! – деп айқайлады балалар.
Аққұс Әділге тез жетті. Әділ көмекке келген Аққұстың мойнына жабысты. Енді Аққұс жағаға қарай жүзді. Оны алдынан күтіп алған балалар Әділді көтеріп жиекке шығарды. Аққұс шаршап қалған екен. Құмға бауырын төсеп жата кетті.
Балалар Әділді қоршап алды. Ол да құмға етбетінен құлаған еді. Көп су жұтыпты. Артынан лоқсып құса бастады.
Аққұсты ортаға алған балалар оның ерлігін мадақтап, дабырлап жатты. Жандұлла мойнынан құшақтап, басынан сипады.
Әділді құтқарған Аққұс осылай өзінің иесіне адал дос екенін дәлелдеді.
Тараз қаласы.

393 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *