• Ертегілер
  • 29 Маусым, 2023

Тойымсыз түлкі мен ақылды қоян

Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ

Ор қоян көжектерін жүйріктер дайындайтын үйірмеге апарып, қайтып келе жатқан еді. Орман ішінен ашық алаңқайға кез болды. Мал аяғы баспаған, шүйгін жер екен. Көжектеріне дәрумені көп шөп жинап алуға аз аялдады. Әдетінше жан-жағына қарап, сақтанып жүрді де, аздан соң ұмытып кетті. 
Қай көжегінің қандай жидек жейтінін есіне түсіріп, езу тартқан. Кенет қайдан шыққаны белгісіз, бір түлкі жақындай берді. Жиған шөбін тастай сала, зыта жөнелді. Қанша бұлтара жүгіргенімен құтыла алмады. Жыртқыштың қолына түсті.
– Мен сені «ә» дегенде-ақ ұстап алар едім, тек жаңа бір қоянды жеп тойып алғанмын. Қарным тоқ болғандықтан қатты жүгіре алмадым, – деді түлкі ентігіп. 
Бұл сөзді естіген Ор қоянға бір қулық келді.
– Сонда сіз мені ашыққаннан емес, жай ермек үшін қуған болдыңыз ғой, – деді ыржалаңдап.
– Әрине, сен сияқты ақымақ қояндардың қай жерде жүретінін мен білемін ғой, – деп мақтанды түлкі. 
– Жегіңіз келмесе, мені жөніме жіберіңіз. Ертең жерсіз. Әлде ертең мені ұстай алмаймын деп қорқасыз ба?
– Жоқ, қорықпаймын. Мен сені кез келген уақытта ұстай аламын! 
– Мен бұған сенемін. Тек жаңа байқамай қарақұрт жеп қойып едім. Уы денеме енді тараған сияқты. Басым айналып тұр. Мені жеймін деп босқа уланып қалып жүрмеңіз.
Мұны естіген түлкі ойланып қалды. Әрі тойып тұрған соң, қоянды жеуге тәбеті тартпады. Оның үстіне қарақұрт жеп қойған болса...
– Жә, – деді түлкі тағы да мақтанып. – Сен ертең осы жерге кел. Мен сені ұстап аламын. Сосын жеймін. Келістік пе? Уәдеңді берсең, жіберемін.
– Келістік. Сіз бүгін тойып тұрсыз. Ертең аш қарында мені әп-сәтте ұстап аларыңызға шүбәм жоқ. Сіздің айлакер әрі жүйрік екеніңізді ормандағы аңдардың бәрі біледі. 
Ертесі күнгі кездесуге Ор қоян мықтап дайындалды. Жоспар құрды. Бармай қалуға болмас еді. Өйтсе, түлкі кектеніп, өзіне ғана емес, көжектеріне де, үйдегі ана қоянға да қауіп төндірер еді. 
Түс кезінде Ор қоян тәуекелге бел буып алаңқайға келді. Ал кешегі тоғы басылып, қайта қарыны аша бастаған түлкі шөп ішінде жасырынып жатқан болатын. Оны Ор қоян әлдеқашан аңғарған еді. Әдейі алаңқайдың оң жақ шетіне қарай жүрді. Ол жақта біраз жер қара топырақты болатын. 
Түлкі тұра сап, тап берді. Таяй бергенде Ор қоян оның бетіне топырақты шашып жіберіп, қаша жөнелді. Ыза буған түлкі көзін сипап жіберіп, соңына түсті. Ашуға булыққан ол терең етіп қазылып, бетін шөппен жапқан орды көрмей қалды. Қоян секіріп өткенде, түлкі шұңқырға «гүп» етті. 
Бұл кезде үйдегі ана қоян да тазыларын еріткен аңшылардың бетін осылай бұрып, келіп қалған еді. Ор қоянға жетті де, екеуі қалың ағашқа зып берді. Енді қауіп жоқ еді. Көп кешікпей бұлар тазы иттердің өршелене үргенін, аңшылардың өзара сөйлескен дауыстарын естіді.
– Түнімен еңбектеніп, ор қазғанымыз жөн болды. Енді ашқарақ түлкі аңшылардың қолына түсті. Ал біз көжектерімізді, өзімізді біржола құтқардық! – деді Ор қоян қуанып.

Көкшетау қаласы.
 

186 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

31 Тамыз, 2023

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы