• Ертегілер
  • 26 Мамыр, 2023

Дәмелі мен торғай

(әңгіме-ертегі)
 

Дәмелі терезе алдындағы үстелге сурет дәптері мен бояу қарындаштарын қойды. Кенет терезе әйнегі тық-тық етті.
– Бұл кім? – деді таңданған Дәмелі.
– Мен ғой, – деді торғай терезенің сыртынан. – Не істейін деп жатырсың?
  Дәмелі жымиды: 
– Сурет саламын.
Торғай басын олай-былай бұрып, терезені тұмсығымен ұрып, тағы да тықылдатты:
– Мен де сурет салғым келеді. Көрсетші, үйреніп алайын.
Дәмелі дөңгелек сызып, көздің орнына екі нүкте қойды. Сосын үстіне көлденең екі сызық жүргізді. Мұрын, ауыз, қол-аяқтарды да сызды. Торғай терезенің әйнегін тырнақтарымен сызғылап-сызғылап шаршаған соң:
– Неге мен жасай алмаймын? – деп, тыпырлап ашуланды. Дәмелі күлді:
– Суретті әйнекке емес, қағазға салады. Менің қасыма кел, көрсетейін.
Торғай терезе әйнегіне біресе тұмсығын, біресе басын соға бастады:
– Ой, ой, басым ауырып кетті. Сенің үйіңе кіре алмаймын.
Дәмелі тағы да күлді:
– Үйге терезеден емес, есіктен кіреді. Соны да білмейсің бе?! Ал мен білем!
Дәмелі барып есікті ашқанда, баспалдақта қонып отырған торғайды көрді.  Тырнағына бүріп алғаны – ескі газет. Дәмеліге сескене қарады:
– Сен мені ұрмайсың ба? Жаман балалар маған тас лақтырады.
– Қонақты ешкім ұрмайды. Бері, мына жерге кел, – деп, Дәмелі сурет салуға кірісті. Торғай да босқа тұрмай, газетті тырналай бастады. Газет жыртылып қалды.
– Торғай, не істеп жатырсың?
– Сурет салайын деп.
– Тырнағыңда бояу жоқ, қалай саласың? Газетке емес, мә, сурет дәптерге салсайшы. Мә, қарындаштарды ал.
– Дәмелі, мыналар сенің тырнақтарың ба? Қандай ұзын!
– Айттым ғой саған, мұның бәрі – бояу қарындаштар. Кәне, ұста.
Әрқайсысы өз дәптеріне сурет сала бастады. Дәмелі байқамай, бір суретті сәл қисық сызып қойды. Ұялып, не істерін білмей отырды да, өшіргішпен өшіруге кірісті. Торғай да қарындашпен бірдеңе шимайлап әуре. Кенет басқа өшіргішті алып, ашық есіктен ұшып кетті. «Қайда кеттің?» деп, сұраған Дәмеліге жауап берген жоқ. Сәлден кейін қайтып келді.
– Торғай, сен қайда барып келдің?!
– Міне! – Торғай сырттағы шалшық суға малып әкелген өшіргішпен  өз шимайын өшіре  бастағанда, сурет дәптердің парағы жыртылып кетті. Дәмелі таңданып қалды:
– Торғай, мұның не? 
– Өшіргіштен сабын жасадым. Қағаздың кірін кетірейін деп, сонымен жуып жатырмын.
Дәмелі тағы да күліп жіберді:
– Қағаз суланса, езіліп, тез жыртылады. Соны да білмейсің бе?!
– Білмеймін, – деді торғай ұялып. – Бірдеңе былғанса, кісілер сабынмен жуып жататынын көргем. Дәмелі, мына өшіргішті маған берші.
– Ала ғой.
– О-ой, рахмет! Мен соларға апарып беремін. «Кірді өшіргішпен өшіре салыңдар» деймін.
Дәмелі тағы да сықылықтап күлді:
– Мен кішкентаймын, сонда да  көп білем. Білмегенімді үлкен кісілерден сұрап алам. Әрине, сен менен де кішкентайсың. Сондықтан саған айтып қояйын. Өшіргіш суланса, өшірмейді. Өйткені ол сабын емес. Қағаз, қарындашты да, өшіргішті де таза ұстамасаң, әдемі сурет сала алмайсың.
Торғай ұялып:
– Жарайды, – деді де, ақырын ұшып, есіктен шығып кетті...

Бекен Ыбырайым 

79 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

31 Тамыз, 2023

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы