- Ертегілер
- 26 Мамыр, 2023
Лақ пен қасқыр

(Ертегi)
Күрек тісі балғадай қомағай Қасқыр үнемі малшы үйін торумен жүріпті. Қыста қорасына түсіпті. Күзде семіз тайыншаларға жаудай шауыпты. Жазда да ұсақ малдарға тыным бермепті...
Бiр жылы қыс қатты болады. Адамдар мал қораларын тастай қып бекітеді. Екi-үштен сақ ит ұстайды. Қасқыр жайылымнан мал таба алмай, әбден ашығады. Қораға жақындаса, иттер жабыла үрiп, ересектер мылтық атып, есiн шығарады. Қасқырдың апталап нәр татпаған да кездерi болыпты.
Бiр күнi ол кешкiсiн ауылдан қашықтау орналасқан үйдiң маңын торуылдайды. Үй иесi қой-ешкiсiне жем-шөп берiп, қораға қамауға кіріседі. Осы сәт кiшкентай Лақ ойнақтап жүрiп, қорадан шығып кетедi. Оны қожайын байқамай қалады.
Қараңғы түседi. Қомағай Қасқыр қора маңында адасып жүрген кiшкентай лақты бас салып, жемекке айналады. Лаққа қоқан-лоққы көрсете бастайды.
– Лақ, лақ, мен ашпын. Қазiр сенi жеймiн, – дейдi Қасқыр салған жерден азу тісі сақ-сақ етіп.
– Мен кiшкентаймын ғой. Аясаңшы менi. Анам да, қожайыным да iздеп қалған шығар. Мекенiме барайын, – деп жыламсырайды Лақ.
– Менiң уысыма өзiң келiп түстің, оған мен кiнәлi емеспiн. Сен тұрғанда мен қалай аш қалам, – деп, Қасқыр жалаң-жалаң етедi.
Лақ болса, қасқырдан құтылудың амалын ойластыра бастайды.
– Қасқыр-қасқыр, менi жемешi! Жегенмен тоймайсың ғой. Менен гөрi анам етжеңдi, әрi семiз, – дейдi жорта аңқауланып.
Осы сәтте қомағай Қасқыр «Шынында да тырбиып тұрған мына лақ маған жұғын да болмас-ау. Семiз ешкiнi жеп тойынғанға не жетсiн! Бұл мүмкiндiктi мүлт жiбермеуге тиiспiн» деп, тәттi ойға берiледi.
– Сенiң анаңды қайдан табамын? Мүмкiн, қашып кету үшiн айтып тұрған шығарсың, ә? – дейдi Қасқыр.
– О, не дегенiңiз! Сіз мені танып алдыңыз. Мен жылдам анамды осында ертіп келейін, сізді анаммен таныстырайын, – дейді Лақ нық сеніммен.
Қасқыр қатты ашыққанына қарамастан, семiз ешкiге аңсары ауады. Тәп-тәттi майлы асты ойлап, сілекейі шұбырады. Сонан соң:
– Жарайды, тез барып апаңды шақырып кел! – деп лақты босатады.
Қасқырдан құтылған бойда кіп-кiшкентай, сүйкімді Лақ ойнақтай секіріп, өзіне таныс жықпылдан қораға кіріп кетеді.
Лақтың енесiн ұзақ күтiп, ішегі шұрылдаған қомағай Қасқыр болса қора маңынан ұзай алмай, ұзақ-ұзақ ұли беріпті. Қасқырдың дауысын естіген төбет иттер оны артынан қуып жетіп, сазайын тартқызыпты...
Астана қаласы

82 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *