• БАЛДЫРҒАН
  • 04 Мамыр, 2023

«Балдырған» – балалар әдебиетінің бас кітабы

Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, кішкентай оқырмандарға рухани азық беретін балалар басылымына биыл  65 жыл толып отыр. Өзінің ұзақ тарихында «Балдырған» көптеген балалар жазушыларын тәрбиелеп, олардың шабыттарын қанаттандырды. Журналдың тұңғыш редакторы болып оны отыз жылға жуық басқарған атақты балалар ақыны Мұзафар Әлімбаев ағамыздың «Балдырған» – балалар әдебиетінің бас кітабы, балалар жазушыларының ұстаханасы» деген тағылымды сөзі бұған дәлел.

          Орталық қалалық балалар және жасөспірімдер үлгілі кітапханасында «Балдырған»  - балалар әдебиетінің бас кітабы» тақырыбында Көкшетау қаласының №10 мектебінің 3 сынып оқушыларымен  танымдық сағат өткізілді.  Кітапханашылар жас оқырмандарды  журналдың баланы имандылыққа, ізгілікке, бауырмалдыққа тәрбиелейтін айдарларымен таныстырды. «Кім тез жаттап алады?» деген айдардан балалар жылдам жаттайтын өлеңдер оқып, «Балдырғанның Қызыл кітабы» деген айдарынан жойылып бара жатқан жануар, құстар, өсімдіктер туралы қызық деректермен танысты. Басқатырғылар, скандвордтар, жұмбақтар шешіп, жаңылтпаш оқып жарысты. Осылайша, балалар алпыс жылдан астам тарихы бар балаларға арналған республикамыздағы бірден-бір әдеби басылым «Балдырған» журналымен жақынырақ танысты.

          Жас оқырмандар журнал беттерін парақтап «Бала тілі – бал», «Балдырғанның» достары», «Халықтық салт-дәстүр», «Бастау», «Үш тұғырлы тіл», «Әуелесін әсем ән», «Балдырғанның» сурет галереясы», «Кел, ойнайық, балақан!», «Өзің бояп ал!», «Әлем халықтары әдебиетінен», «Әлем халықтары ертегілерінен», «Ислам атаның ізгілік сабағы», «Ойлан, тап!», «Балалардан – балаларға» сияқты айдарлар бар екенін оқып білді. Қазақтың айтулы ақын-жазушылары, талантты суретшілері мен көрнекті композиторларының шығармаларымен де танысу мүмкіндігіне ие болды.

          Қымбатты, жас оқырмандарымызды, ата-аналарын балалардың ой-өрісін дамытып, таным көкжиегін кеңейтуде таптырмас тәрбие құралының бірі – «Балдырған» журналына жазылып, әр басылымын оқуға шақырамыз.

 

Бақытжан Айдосова,

Ақмола облысы,

Көкшетау қаласы,

Орталық қалалық балалар

және жасөспірімдер үлгілі

 кітапханасының меңгерушісі.

577 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы