• БАЛДЫРҒАН
  • 26 Сәуір, 2023

Адамгершілік әліппесі

Ана

Ақылын  айтқан тыңдай біл,
Ең жақын – Анаң жаныңа!
Анаңды сыйла, сыйлай біл,
Анаңды сыйла тағы да!

Азамат

Шүберек пен су алып,
Қойдым үйді тазалап.
Апам сондай қуанып:
«Болдың, ­– деді – азамат!»

Жыламап ем
Тіземді
Алғанымда  жаралап,
Атам мақтап  жүр енді:
«Болды, – деп, – бұл азамат!»

Бос өтпейді әр күнім,
Үйрендім сан өнерді.
Қуантатын барлығын
Азаматпын мен енді!

Азамат – бұл ғажап ат,
Кісі алдынан ол өтпес.
Болғың келсе азамат,
Бәрін үйрен!
Көмектес!

 

Ар
 

Домбыраны  атама
Әперіп ем төрдегі:
Маған берген батада
Атам: «Арлы бол!» деді.

«Ар» деген сөз не?» – деп мен
Одан сосын сұрадым.
– Айттым жақсы себеппен,
Ар-намысың, шырағым! –

Деп аташым, тағы да
Түсіндірді «Ар» мәнін:
– Кір келтірме жаныңа,
Аппақ болсын арманың.

Аппақ болса арманың –
Сақтағаның  Арыңды.
Жақсы көрер жан-жағың,
Жас болып өс жалынды.

Ар – ұятың, 
Адалдық,
Жөн-жобаны білуің.
Жасамауың жамандық,
Мәнді өмір сүруің!

Оқуда озат болғаның,–
Осылай деп аташым
Түсіндіріп сөз мәнін,
Берді тағы батасын.

Амандасу

Үлкенге де, кішіге
Өте шықпай шалқайып,
Ізет етсең кісіге,
Қалмай ма өсіп, марқайып?!

Жолыққанда қарт адам,
Кіші сәлем бермей ме?!
Қағып сонда ол арқадан,
 «Айналайын» демей ме?!  

Серікбай ОСПАНҰЛЫ
 

224 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы