• БАЛДЫРҒАН
  • 26 Сәуір, 2023

Болаттың белгісі

Болат тау беткейінен қолқорабын толтыра қарақат теріп, қайтып келе жатыр. Тас төбеден аумай, шақшиып тұрған күн таңдайды кептіреді. Жолда сұп-суық сарқырама өзен бар-ды. Сол жаққа қарап еді, бір топ бала шомылып, асыр салып, ойнап жүр екен. Соларға барып қосылса, салқын суға сүңгіп-сүңгіп алса, қандай рахат! Бірақ балалар қарақатымды талап жеп қояды-ау деп ойлады Болат. Апам одан қақ қайнатам демеп пе еді?
Қарақатын балалардан қызғанған Болат қорабын оң жақ қапталдағы қалың егін арасына тығып кетіп, қайтарда алмақшы болды. Мұндайда бір белгі қою керек. Бірақ біркелкі егін арасынан ондай оқшау белгі табылар болмады. Сөйтіп аңырып тұрғанда аспандағы күннің бетін тоқымдай бұлт көлегейледі де, көлеңкесі Болаттың аяғына келіп түсті. Болат қуанып кетті. Әлгі көлеңкені белгі етіп, ыдысын қойып, бетін шөппен бүркеді. Сөйтті де, өзенге қарай жөнелді. 
Біраздан кейін Болат суға шомылып, салқындап қайтып келе жатты. Бірақ ол қанша іздесе де, ыдысын да, белгілеп кеткен көлеңкені де, күн бетін бүркеген бағанағы ақша бұлтты да таппады. Көз тұндырған жалпақ егіннің ішінен кішкентай қорапты табу оңай ма? Әбден шарасы таусылған Болат өзен жағасындағы балаларға қайтып келіп, жыламсырап тұрып, бәрін де амалсыз айтып берді. 
Болаттың қызғаншақтығы мен аңқаулығы көпке дейін жолдастарының арасында әзіл боп жүрді. 

Баламер САХАРИЕВ

287 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы