• Әңгіме
  • 26 Сәуір, 2023

Жұман ата аманаты

Жұман қарт ертемен арық жағалата шыбық шаншыды. Бұрыннан өсіп тұрған  талдардың артық бұтақтарын кесіп шықты. Қурағандарының орнына жаңасын отырғызды. Жұмысын аяқтады да бір шаруасымен басқа жаққа кетті. 
Аздан соң қайтып келе жатып арық жағасында ойнап жүрген немерелерін көрді. Бір топ бала қолдарына таяқ ұстап, «қылыштасып» жүр екен. Қарт әлгінде ғана шаншыған шыбықтарының жұлынғанын білді. Кешікпей жерде жатқан бұтақтарды көргенде, ашуланып немерелеріне ұрысты. 
– Ата, шыбықты мен сындырған жоқпын. Мен тек жерде жатқан бұтағын ғана алдым, – деді бес жастағы Күмісбек қолындағы шыбықты атасына беріп жатып.
– Ата, кешіріңіз! Бұдан былай қайталанбайды, – деді үшінші сыныпта оқитын Жеңісбек өз кінәсін мойындап.
Ата оларды кешірді. Бірақ, олар сол күні арық жағасына қайта шыбық отырғызып, шашылған бұтақтарды жинайтын боп келісті.
Ертеңіне Жұман қарт базардан жеміс ағашының көшеттерін алып келді. Оны көрген немерелері: «Алақай! Бүгін тағы тал егеміз!» деп қуанды.
– Иә, ботақандарым. Қазір бұл көшеттерді аулаға отырғызамыз, – деді ата олардың ықыласына риза болып.
– Ата, көшеттерді мен алып жүрейінші, –  деді Күмісбек атасының қолындағы ағашқа жармасып. Жеңісбек те «ата, маған» деп таласа кетті.
– Болды, таласпаңдар. Күмісбек ағаштарды алсын, сен күректі көтер... – деді атасы Жеңісбектің үлкендігін есіне салып.
– Ата, ағаштар тура он тал екен, – деді даярлық тобына баратын Күмісбек көшеттерді санап. 
– Көрдің бе, ботам. Бұл – мектепке барғаныңның пайдасы.
Күмісбектің мерейі өсіп, қоңыр көздері күлімдеп, қара торы жүзі алабұртты. Артынан өзімен бірге мектепке баратын кей баланың санақ білмейтінін айтып, мақтанды. Сосын атасының алдына түсіп, томпаңдап жүгіріп отырды. 
Атасы алдымен шұңқыр қазып, түбіне шіріген қи салды. Ал Күмісбек жеміс ағашының тамырын шұңқырға түсіріп, ұшынан ұстап тұрды. Жеңісбек топырақпен түбін көмді. Артынан аяғымен таптады. 
– Ата, енді біздің аулада жеміс ағаштары көп болатын болды, – деді Күмісбек маңдайының терін сүртіп.
– Сонда алмамыз да көп салатын бола ма? – деді Жеңісбек мықшыңдап жатып.
– Иә, құлыным. Бұл енді сендердің ағаштарың. Олар сендермен бірге өсіп, бірге көктейді. Алла бұйырса, жемісін де өздерің жейсіңдер. Ағаштардың түбіне күн ара су құйып тұрыңдар. Сонда ана алма ағаштары сияқты бұлар да үш-төрт жылда жеміс беретін болады, – деді Жұман қарт өзге жеміс ағаштарын меңзеп. 
– Алақай! Ұрамызда сақталатын алма бұрынғыдан да көп болатын болды. Биылғыдай қыс бойы тәтті алма жеп шығатын болдық! – деді Жеңісбек шаттанып.
Қария басын изеп, немересінің маңдайынан иіскеді. Күмісбек еркелеп атасының мойнына асылды.
– Күмісбек, жүр. Бұл ағаштар енді біздің ағаш. Екеуміз шелекпен су әкеліп құяйық. Ағашымыз тез өсіп, жеміс берсін, – деді Жеңісбек інісін жеңінен тартып. 
Балдырғандар құлдыраңдай жүгіріп, алыстап бара жатты. Жұман қарт немерелерінің соңынан тілеулерін тілеп, шүкіршілік айтып тұрды. 

Марат ҚҰЛИБАЙҰЛЫ

153 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы