• БАЛДЫРҒАН
  • 27 Наурыз, 2023

Тұманбай Молдағалиев. Өлеңдер топтамасы

Балалар, сүйікті «Балдырған­да­рың­ды» 25 жыл (1986 – 2011) бойы басқарып, туған баласын­дай мәпелеп өткен Тұманбай аталарыңды білмейтін қазақ жоқ. Тірі болғанда наурыздың 20-сы күні 88 жасқа келіп, бәрімізге батасын беріп отырар еді. Бірақ ол кісі артында өздеріңе арналған баталы жырларын қалдырып кетті. Ақынның туған күні қарсаңында оның наурыз айы мен Наурыз тойы туралы өлеңдерін назарларыңа ұсынып отырмыз.

Наурыз айы

 

Ақ шуағын жай төсеп,
Тұрмағанмен күн күйіп.
Бой көтерді бәйшешек,
Қар астынан қылтиып.

Жарылқайтын жарқ етіп,
Бір жылылық жетпей тұр.
Бір жерлерден қар кетіп,
Бір жерлерден кетпей тұр.

Жымиды күн біртіндеп,
Өзіне тән көрікпен.
Қар астынан бүлкілдеп
Су аққанын көріп пе ең?

Қыс ығысып түсті алға,
Дайын тұр-ау қашқалы.
Бірен-саран құстар да,
Ұшып келе бастады.

Түске дейін қызады,
Түстен кейін жылайды.
Күн нар адым ұзады,
Наурыз дейміз бұл айды.

 

Наурыз келді

Жылуымен, көркімен
Бар адамға ұнайды.
Қазақ деген еркін ел
«Наурыз» дейді бұл айды.

Күн қыздырса шыдай ма,
Жер әрлене түседі.
Әрбір үйде бұл айда
Наурыз көже піседі.

Асықпай да, аптықпай
Күн биікте жүреді.
Береке де, шаттық та
Үйге келіп кіреді.

Өткенменен бейғам уақ
Жалғасады той тағы.
Сиыр мөңіреп, қой маңырап,
Кешке өрістен қайтады.

Жарды міне бүршігін
Мұқашымның жас талы.
Қайта оянып тіршілік,
Қайта бір ән бастады.
 

Наурыз тойы

Көзде шаттық, іште желік,
Шақырады бір үміт.
Наурыз көже ішуші едік
Үйден-үйге қыдырып.

Көңіліміз көкте жүзді,
Ел әдебін білуші ек.
Өңкей бала тобымызбен
Бір үйге кеп кіруші ек.

Гүл-мереке үйге толсын,
Сүт – береке, айран – құт.
«Наурызың құтты болсын!»
Деген сөзге байландық.

Сәлем беріп аталарға,
Құттықтаушы ек әжені.
Кеселерге апалар да
Толтыратын көжені.

Қанат қақты көңілді осы,
Балалардың ерке ойы.
Сонау бала күннің досы –
Наурыз тойы – ел тойы.
 

261 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы