• Әңгіме
  • 27 Наурыз, 2023

Сағыныш

(Әңгіме)

Түн ортасында Асхат аяқасты ауырып қалды. Ыстығы көтеріліп, демі қысылды. Шешесі көршісі Айтолқын апайды шақырып келді.
– Дереу шикі сүт ішкізіңдер. Іштегі уды қайтарады, – деді ол кісі.
Асхат шикі сүт ішті. Аздан кейін көзін ашты. Анасы қатты қуанды.
«Жедел жәрдем» дәрігері оны тексеріп, алғашқы көмегін көрсетті. 
– Ауруханаға жатқызбаса болмайды. Дәрі беріп, құстырып, асқазанын тазалау керек. Астан уланған, – деді артынан. 
Түнде ерте ұйықтап қалған Тоғжан мен Кербез және үйдің кенжесі Әнуар таңертең тұрып, Асхат көкелерін таппай қалды. «Тығылып қалған шығар» деп ойлап бөлмелерді қарап шықты. Жоқ. Сосын шешесіне келіп: 
– Апа, Асхат көкем қайда? – деді жарыса. Олар Асхатты бір сәт көрмесе, сағынып қалатын. 
– Асхат түнде ауырып, дәрігер келіп, алып кетті. Емханада – деді анасы. 
– Неге, неден ауырды? – деді үшеуі бірдей таңданып. 
– Кеше Асхат мектептен келген соң не жеп еді, білесіңдер ме? – деді аналары артынан. Үшеуі ойланып қалды.
– Өзімен алып келген бірдеңе жеген, – деді сәлден соң есі кіріп қалған Тоғжан. 
– Оның сыртындағы қағазын мына жерге тастаған, – деді Кербез қоқыс шелекті көрсетіп.
Шешелері шелектен көшеде сататын жылдам тағамның қорабын көрді. 
– Е, осыдан уланған екен ғой, – деді іле күбір етіп. – Жолама десе, сөз тыңдамайды.
– Апа, Асхат көкем ұзақ жата ма? – деді Тоғжан осы кезде. – Енді біздің шашымызды кім тарап, кім өріп береді? 
– Жоқ, көп жатпайды. Бір аптада сауығып, үйге шығады. 
Әнуар сөзге араласпай үнсіз тұр. Өзі бірдеңеге жабырқаулы сияқты. Әлден уақыттан кейін:
– Көкем не істеп отыл екен? Бізді сағынған шығай? Оған қоңыл қонжығымды апайып бейсем бе екен? Бізді сағынғанда қаяп отыйатын, – деді аузын бұртитып. Асхат көкесінен бұрын өзі сағынып қалған сияқты. Тоғжан мен Кербез де мұңайып қалды.
– Апа, барып, көріп келейікші, – деді артынша анасына өтініш айтып. 
– Қазір кіргізбейді. Түстен кейін барайық, – деді аналары.
Бірақ, ауруханаға түстен кейін де кіргізбейді екен. Балақайлар амалсыз терезеден айғайлап сөйлесті.
– Асхат көке, бізді кіргізбеді, – деді ересек Тоғжан дауыстап. – Сені сағындық!
– Мен де сағындым! – деді Кербез ілесіп. 
Асхат көкелері де сағынған сияқты. Бір жағынан іні-қарындастарының сөзінен тебіренген болар: 
– Мен де сағындым сендерді! Дәрігер бір жетіде шығасың дейді, – деді қолының сыртымен көзін бір сүртіп қойып. 
– Алақай! Асхат көкем бір жұмада шығады! – деді қуанған Тоғжан мен Кербез секіріп. Әнуар да қалысар емес...

 
* * *


Күздің жанға жайлы күні. Айнала жаңа сарғая бастаған. Құстар сайрап, неше түрлі әнге басады. Осының бәрін терезеден көріп тұрған Асхаттың көңілі босады. Үйін, қарындастары мен кішкентай бауырын, әке-шешесін ойлап, құстай ұшып, кетіп қалғысы келді. Кеудесін сағыныш кернеді. Сәлден соң көзіне жас үйірілді.
«Қап! – деді ішінен. – Осының бәрі апамды тыңдамағанның кесірі. Жеме деген нәрсесін жемеуім керек еді. Тоғжан, Кербез, Әнуар төртеуміз ойнап жүрер едік!». 
Жанарын терезеден тайдырып әкетті. 
«Бір-ақ күн қалды ғой, – деді аздан соң ішінен. – Шыдайын. Енді бұл жерге келмеспін»...  
                                       

Мұрат БАЙДІЛДАҰЛЫ

Талдықорған қаласы.

150 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы