• БАЛДЫРҒАН
  • 27 Наурыз, 2023

Сағатбек Медеубекұлы. Өлеңдер топтамасы

Балалар! Сағатбек аталарың ұстаз, ғалым, зерттеуші. Ғылымнан қолы босағанда өлең де жазады. Ән, күй де шығарады. Сендер жайлы да ұмытпайды. Аталарыңның сендерге арналған өлеңдерінің бірнешеуін назарларыңа ұсынып отырмыз.

ТАҒА

«Қазанаттың табанында тапталған,
Таға неткен бейшара» деп қорлама.
Сол тағамен тастан, мұздан сақтанған
Ат тұяғы айлап жүрсе, тозбаған.

Сондықтан да болған дәйім бағалы,
Құрметтейді халық қара тағаны.
Ат сақтаған адал қызметі үшін
Қадір тұтып іліп қояр жоғары.

ИНЕ

«Тігіп, тоқып жүрген тегін,
Көрсетпейтін жат мінез.
Ауыртатын кірген жерін,
Неткен қатал, қатыгез!

Жұмсақ затқа тез кіреді,
Сумаң-сумаң етеді.
Жылпос қылық сездіреді,
«Өтпес» десең, өтеді».

«Ине осындай» дегім келген,
Толық біліп қойғандай.
Сөзден сонда жеңілген ем,
Тереңірек ойланбай.

Сөйтсем:
Өзгелерді сүйіндірер,
Қошеметін қаламас.
Елдің бәрін киіндірер,
Қалса да өзі жалаңаш.

ШЫРАҚ

Немересі атасының тынышын ап,
Төтесінен қойды оған бір сұрақ:
– «Шырағым» деп аялайсың сен мені,
Несіменен қадірлі, ата, бұл шырақ?

Атасы айтты:
– Халық үшін жану оған шын сынақ,
Өзегінен өртенсе де тұр шыдап.
Айналасын жарық ету үшін де
Өзін өзі құрбан қылар бұл шырақ!

Сол ісімен қадірлі ол, шырағым,
Дұрыс болды қойған осы сұрағың.
Қара бастың қамы емес, ел үшін
Сен де, қалқам, қиындыққа шыдағын.

КҮН

Құпия көп адам әлі білмеген
Білмек тұрмақ назарына ілмеген:
Жарық үшін жаралғаны шын болса,
Неге түнде келмейді екен Күн деген?

АЙ

Жауап іздеп бір сұрақ жүр ішіңде,
Көкейіңе тоқып алғын, түсін де:
Ай аспанға түнде ғана келеді,
Қараңғыны жарық ету үшін де.

ЖАНАР

Жетілгені шын болғанмен сананың,
Мына шындық жұмбақ әлі, қарағым:
Дүниенің бәрін көріп тұрса да
Бірін бірі көре алмайды жанарың...

ТАРАЗЫ

Таразының бір жағында тас тұрар,
Бір басында өлшеп алар ас тұрар.
Ашкөздікпен аларыңды әдейі
Артық қылсаң, тасың келіп басты ұрар.
 

КӨКҚҰТАН

«Дарияға  қонбадым кеп,
Қоқиқаздай болмадым» деп,
Өкінішін  тыймады да
Мойнын созды, сирағын да.

Ұзаруды дұрыс көрді,
Кеңірдегі жіңішкерді. 
Тұмсығын созып сүйірледі
Әйтсе де  төмен иілмеді.

Сирағы ұзармады
Түсі  қызармады.
«Менің де құс – тегім», – деді,
Бәрібір өсіп,  семірмеді,

Іштарлығын қимады да,
Құс ішіне сыймады да,
Өгей болып өмірдегі,
Көлшікте жүр өңірдегі.

ТАМШЫ

Сусыз гүлдер  қуарады,
Бүр жармайды бәйтерек.
Өлмесін деп суғарады,
Су жоқ болса,  қайтер ек?!

Бұл шындықты шын ұғар кім,
Ұқса деймін әрбірі.
Өмірдегі тірі жанның
Тұр тамшыда тағдыры!

535 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы