• БАЛДЫРҒАН
  • 27 Наурыз, 2023

Сақпан

Қыстың соңғы күндерінің бірі еді. Шырт ұйқыда жатқан Айбат шошып оянды. Басын көтеріп, жан-жағына құлақ түрді. Шуылдаған дауыс сырттан келіп тұр екен. Терезеге барып қарады. Ештеңе көрінбейді. Бірақ жағымсыз дыбыс басылатын емес. Айбат енді терезе көзінен сығалап, үстіңгі жаққа үңілді. Артқы аулада оншақты түп терек бар еді. Соның басына бір топ қара құс қонып алып,  дабырлап «той» жасап жатыр екен. Бір-бірін қоштап, жапырлай сарнап қоя береді. Жуық арада тоқтайтын түрлері көрінбейді.
Бұл кезде таң жарығы үй ішіне түсе бастаған болатын. Ары қарай ұйқысының келмейтінін білген ол жайлап киіне бастады.
Қарғалардың «тойы» сол күні тарқайтын шығар деп ойлаған. Қайдағы, келесі күні дәл сол уақытта тағы да шулап «әнге» басты.  
– Үйдің артындағы теректерге екі күннен бері қаптаған қарға келіп қонып, шулап, ұйқы бермейтін болды. Қалай құтылуға болады? – деді ертесі мектептен келе жатқанда сыныптасы Боқанға.
– Үркітпейсің бе?
– Үркіттім. Кетпейді.
– Таспен ұрмайсың ба?
– Биік қой. Лақтырған тас жетпейді.
– Рагаткамен ат.
– Аттым. Ығатын емес. Ұшқан болады да, іле қайта жиналып алады.  
– Тоқта! Таптым! – деді Боқан Айбаттың иығынан қағып. – Сақпан!  Сақпанмен ату керек. Қарғадан да үлкен құсыңды қағып түсіреді.
– Ол не сақпан деген?
– Білмейсің бе?
– Білмеймін. 
– Сақпан да таспен атылатын қару. 
– Оны қалай жасайды?
– Оны жасағың келсе, мені дұрыстап тыңда. Әуелі алақандай былғары табасың. Қалың, мықты болу керек. Оның екі жағын тесесің. Оған қайыстан мықты бау тағасың. Жарты құлаштай ұзын болса, жетеді. Сосын жаңағы былғарыға үлкенірек тас саласың да, екі бауды тең ғып  ұстап алып, басыңнан асыра айналдырасың. Әбден екпін алғанда көздеген нәрсеңді дәлдеп тұрып баудың бір жағын жібере саласың. Тас көздеген жерге барып сақ ете қалады. Нысанаң қалпақтай ұшып түседі. Бітті. Айтқанымды ұқтың ғой?..
– Ұққан сияқтымын. 
– Онда бар да, жаса. Жақсылап жаттық. Сосын кешке қара қарғаны баудай түсір. Екі-үшеуі құласа, оларға да жан керек шығар. Ұшып кетеді. 
Айбат үйге келе сала іске кірісті. Боқанның айтқандарын дәл қайталап, сақпан жасап шықты. Сыртқа шығып, байқап көрді. Ыңғайына келетін секілді. Сонда да қоймай ұзақ жаттықты. Қарауыл етіп қойған заттарын екі-үш рет ұшырып түсірді...
Қарғалардың түн жарымынан бастап жиналатынын ертесі білді. Қараңғы түсе үй артына келіп, бір қарап кетті. «Той» әлі бастала қоймапты. Арада көп өткен жоқ. Қаптаған қарғалар жүйке қажайтын ащы үнімен жарыса шулап қоя берді дейсің. 
Сақпанын сайлап алған Айбат топқа қаратып бір тас жіберді. Зулаған оқ ысқырып барып әлденеге сақ ете түскендей болды. Сол екен, тік сорғалаған бір қарға анадай жерге келіп топ ете қалды. Сәл басыла қалғандай болған шуыл іле қайта бастала берді. Енді екінші тасты жіберді. Сәті келген болу керек, тағы бір қарға топ ете түсті. Бұл жолы мүлде үнсіз қалған қарғалар біраздан кейін қайта дабырлап еді, үшінші тасты заулатты. Тағы бір қарайған құлады. 
Бір пәленің болғанын сезген болу керек,  шуылдақтар жапырлай ұшты да, әлде қайда бет түзеп кете барды... 

Серік НҰҒЫМАН

Суретін салған Ерлан Момбаев

 

 

157 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы