• Ертегілер
  • 27 Наурыз, 2023

Нағыз байлық не?

(ертегі)

Ертеде тотықұс пен тауыс дос болыпты. Бірде екеуі өзен бойымен серуендеп келе жатып судан өз көлеңкелерін көреді. 
Өз сымбатына тамсанған тауыс:
– Мен қандай көрікті едім! Әлемде менен асқан сұлу құс жоқ шығар, – дейді масаттанып. 
Досының тым мақтанып кеткенін ұнатпаған тотықұс: 
– О, не дегенің, тауыс, әлемде әдемі құстар көп. Мен де көркіме көз тоймайтын сұлу құстың бірімін. Қанаттарым қандай көркем, тұмсығым қандай әдемі! – дейді. 
Оған тосырқай қараған тауыс:
– Сен бе әдемі? Өзің жұдырықтай ғанасың. Қанаттарың да шолтиған қысқа, – дейді мысқылдай күліп. 
Осылай екеуі өздерінің артықшылығын айтып, кемшіліктерін келекелеп, ақыры бір-бірімен ренжісіп тынады. Тоты құс басқа достарын бетке алып, ұша жөнеледі. Ал тауыс маңғазданып, ұзын, сұлу қанаттарын кең жайып, «қарашы, кім әдемі екен» дегендей керіле басып, жүрісін ары жалғайды.
Үйіне келген соң тотықұс қайта-қайта айнаға қарап, сылаңдаумен болады. Жақын көршілеріне барып «кім сұлу, мен бе, әлде әлгі тауыс па?» деп сұрайды. Олар тақ бір келісіп алғандай, «екеуің де әдемісің» дейді. 
Бұл сөзге көңілі толмаған тотықұс қайтып келіп, үстіне түрлі түске боялған жасанды қауырсын жапсыра бастайды. Артынан өзінің жаңа бейнесіне қатты сүйсінеді. 
Тотықұс бірде өзен бойында сейілдеп жүріп бір қобдиша тауып алады. Оның ішінен карта бейнеленген қағаз шығады. Астында «Нағыз байлық – осы. Бағала!» деген жазуы бар екен.
– Алақай! Бұл сөз жоқ қазынаның картасы. Осыны бойлап жүріп отырсақ, мол қазынаға кезігеміз, – дейді тиін досы қол шапалақтап.  
– Иә, иә, жылдамдатып карта бойынша саяхатқа шығайық. Өте бір қызық оқиға болғалы тұр, – дейді қоян да шыдамсызданып.  
Сөйтіп, олар қазына іздеп жолға шығады. Өзеннен өтіп, таудан асып, карта бойынша жүре береді. Тотықұс алыс жолдан әбден шаршайды. Себебі оның жасанды қауырсындары еркін ұшуына қолбайлау болып, кедергі келтіреді. Қайта-қайта үзіліп қала береді. Тоты оларды теріп, қайта жабыстырып әуреге түседі.
Алыс жол жүрген достар ақыры қазына жасырынған жерді табады. Карта нұсқаған тастың астында сандықша жасырулы екен. Шыдамсыз қоян алып-ұшып барып сандықты ашып қалады. Сандық ішінен алақандай айна шығады. Бәрі таңғалып, «мұнысы несі, қазына қайда?!» дейді ренжіп. 
– Достар, картаның астында «Нағыз байлық – осы. Бағала» деген жазу бар емес пе. Айна өте бағалы зат. Одан біз кімді көреміз?! Әрине, өзімізді. Демек, біз өз-өзімізді, достарымызды бағалауымыз керек, – дейді бір кезде араларындағы ең сабырлы әрі ақылды құс үкі. 
Бұл уақытта тотының үстіндегі барлық жасанды қауырсыны түсіп болған екен. Айнадан өзін көрген ол: 
– Иә, иә, рас айтасың, үкі! Мен жасанды қауырсынсыз да өте әдемі екенмін. Әрі өзімді сондай жайлы сезініп тұрмын, – дейді күліп.
– Иә, достар, барлығымыз да осы қалпымызда өте әдемі әрі сұлумыз. Әрқайсымыздың өз табиғатымыз, ерекшелігіміз бар. Жасандылық шынайы сұлулық бола алмайды. Сондықтан, өз болмысымызды және 
бір-біріміздің дара сипатымызды бағалауымыз, құрметтеуіміз керек, – дейді ақылды үкі сөзді қорытындылап.
Зерделі құстың сөзіне барлығы қосылып, сапардан жақсы ой түйіп қайтады.  

 

Гүлбақыт БЕРІКҚЫЗЫ

Тараз қаласы

Суретін салған Ерлан Момбаев

 

292 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Гүлбақыт

04 Мамыр, 2023

Саламатсыздар ма! Ертегімді шығарғандарыңызға көп рахмет айтамын. Жұмыстарыңызға табыс тілеймін

Куаныш Асанбаев

05 Мамыр, 2023

👍👍👍👍

31 Тамыз, 2023

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы