• БАЛДЫРҒАН
  • 22 Ақпан, 2023

АЛҒЫС АЛУ

Дүйсен Мағлұмов

– Ата, әже, мен Алғыс хат алдым!

Иман үйге бар даусымен айқайлай кірді. Арқасындағы сөмкесін кіреберіске тастай салып, атасы мен әжесіне жүгірді.

– Не дейді, күнім-ау, кім берді оны? – Айша әжей қалбалақтап орнынан тұрып кетті.

– Кім беруші еді бұған! Мектеп берген ғой. Қане, көрейік! – деп, Ислам ата немересі ұстап тұрған ою жақтаулы рамканы қолына алды да, әдемі өрнектелген қағаздағы жазуды оқи бастады.

– Қазақтың ұлы ақыны Мұқағали Мақатаевтың 9 ақпан – туған күніне арналған мектепішілік өнер жарысында ақынның «Үш бақытым» өлеңін мәнерлеп оқығаны үшін 4 «А» сынып оқушысы Жұмаұлы Иман осы Алғыс хатпен марапатталады... Мектеп директоры               М.Қыстаубаев...

Мәтінді сыдыртып оқып шыққан Ислам ата немересін құшағына қысып, басынан иіскеді.

– Бәрекелді, батырым! Жарайсың! Құтты болсын! – деді.

– Менің Имашым ақылды ғой, – деп Айша әжей де немересін шөпілдетіп бал-бұл жанып тұрған бетінен сүйіп-сүйіп алды.

Аздан соң үшеуі шүйіркелесіп түскі астарын ішіп отырды. Иман тойғанын білдіріп, кесесінің бетін алақанымен жауып, «Рақмет, әже!» деп, сәл шегініп отырды. Атасы да «болдым» дегендей ишара жасап, дастарқанға бата жасады. Батасына немересінің бүгінгі жетістігін де қосты. Тамаша тілектер айтты.

Дәл осы кезде Иман:

– Ата, өткенде өзіңіз айтқан бата мен алғыстың қандай айырмашылығы бар, – деді.

– Сұрағың өте орынды, балам. Өзім де саған алғыс алу жайлы айтам деп отыр едім. Ойымның үстінен түстің. Онда жақсылап тыңдап ал! – деген қажы ата жайланып отырып алды да әңгімесін бастады.

– Алғыс айту – адамның жан сезімін, ризашылығын білдіретін бата-тілек дәстүрі. Ахмет Байтұрсынов аталарың: «Бата – біреуге алғыс білдіргенде айтылатын сөз» – деген екен. Бірақ, бата кез-келген жерде беріле бермейді.  Оны өткен жолы өзіңе жақсылап айтып бергенмін. Ал, алғыс айтудың, алғыс алудың өз жөні бар. Ол – адамдар арасында кез-келген сәтте жақсы сөз, жақсы іс-әрекет үшін айтыла беретін ризашылық.

Қазақ халқы тумысынан әрбір игі іске, жақсы нәрсеге алғыс айтуды әдетке айналдырған. Ол әдетіміз әдепке айналған. Алғыс айту арқылы адамдар бір-біріне қуаныш сыйлайды. Алғыс естіген адамның көңілі жадырап шыға келеді. Бұл – үлкен тәрбие. Алғыс айту үшін арнайы жағдайды күту шарт емес. Мүмкіндік болып жатса, жақсы сөз айтудан жалтарып қалмау керек. Бұл – алдымен әдептіліктің белгісі. Жақындарыңа, айналаңа рақмет айтудың тиімді әдісі. Көңілді жадыратып, жақсылыққа жетелейтін даналық сөз.

Алғыс алуды, алғыс айтуды Ислам діні де өте жоғары дәрежеде бағалайды. Қасиетті Құранда да, Мұхаммед пайғамбарымыздың хадистерінде де ол жайында көп айтылған. Мысалы, «Кім өзіне жақсылық жасаған адамға алғыс білдірмесе, оның Аллаға шүкірлік етпегені» немесе «Кім сендерге жақсылық жасаса, оған сыйлық беріңдер. Егер сыйлық таппасаңдар, дұға жасап, алғыс айтыңдар!» деген хадистерде қаншама тағлым мен тәлім жатыр.

Жоғарыда айтқанымдай, біздің ата-бабаларымыз да бұл жағдайға ерекше көңіл бөлген. Оған солардан қалған көптеген мақал-мәтелдер мен нақыл сөздер куә. «Алғыс алған арымас, Қарғыс алған жарымас», «Алтын алма, алғыс ал: алтын деген жер сыйы, алғыс деген ел сыйы», «Қағынған қарғыс алар, Қарасқан алғыс алар», «Көп дұғасы – көл», «Жақсылық еккен алғыс орады», «Көп алғысы көгертер» – деген асыл сөздерді кез-келген қазақ баласы бір сәт те есінен шығармауға тиіс. Сен де, Иманжан, менің осы сөзімді ішіңде сақтап қалмай, достарыңа да айтып жүр, жарай ма?! – деп қажы ата әңгімесін аяқтады.

–Жарайды, ата! Сіздің батаңыз бен тілегіңізге мың алғыс! – деді Иман екі қолын кеудесіне қойып...

259 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы