• Балаларға базарлық
  • 22 Ақпан, 2023

Талап Таймасұлы. Өлеңдер топтамасы

Талап Таймасұлы,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.  Балаларға арналған «Алшы», «Тіл-тамыр», «Ақ кептер» жинақтарының авторы. 

КӨБЕЛЕК

Көбелек қалықтап,
Гүлдерге қонады.
Қарасаң анықтап,
Гүл сынды болады. 

Әдемі түрлері,
Көзіңді жаулайды.
Көбелек гүлдегі
Гүлдерден аумайды.

Білгенше түсініп,
Тұрасың елеңдеп.
Аласың ұшырып,
Қол созсаң, терем деп.
 

КЕМПІРҚОСАҚ

Өтсе жаңбыр себелеп
Әр тамшысы маржандай,
Кемпірқосақ керемет,
Көздің жауын алғандай.

Түрлі түсі құбылып,
Көк жүзіне шығады.
Жарты шеңбер ілініп,
Әдемі боп тұрады.

Күліп нұрын шашқан Күн
Қарайды оған еміне:
Кілем сынды аспанның
Іліп қойған төріне!

ҚҰЛЫН

Күлтеленген құйрығы,
Тіп-тік жалы, кекілді.
Төлдердің ең жүйрігі
Осы құлын секілді.

Ай маңдайлы, құлағы 
Шекесіне жарасқан.
Болар жылқы пырағы
Сан бәйгеге таласқан.

Құлын – төлі жылқының,
Жануар ол киелі.
Бірге өткізген күн, түнін
Адам оны сүйеді.

ӘҢГІ

Ышқынады бір әңгі
Тұрған есік  алдында.
Айта-айта бір әнді,
Шырқын бұзды таңның да.

– Болды, енді, ақырма, – 
Деді оған әкесі.
– Жамандықты шақырма, – 
Деді оған әжесі.

Деді бала: «Тепеңдеп,
Есек қайдан ұғады?
Тыңдамайды екен тек,
Ұп-ұзын боп құлағы!»

 

ҚОЖАЛАҚ

Кітабына қарашы,
Әбден кірлеп қалыпты.
Салақ бала шамасы,
Бетін жыртып алыпты.

Парақтардың арасы
Көрмеген-ау  жарықты.
Салтақ-салтақ жағасы,
Сабаққа да барыпты.

Айта-айта анасы
Баласына, жалықты.
Мектептің бар баласы
«Қожалақ» деп таныпты! 

АЛШЫ

Кел, ойналық, балалар,
Әр асықта  баға бар.
Ұта білген баланы 
Әрбір бала бағалар.

Шиыр, кәне, асықты,
Таңда және қашықты.
Алшы тұрғыз сақаны,
Қаламаймыз жасықты!

Мына бала қайтеді...
Тұрғызды ғой тәйкені.
Сірә, өзі ұтқыш-ау,
Пысық екен, әй, тегі!

Басу қиын ұтқышты,
Мынау сақа бүк түсті.
Енді қара мынаған –
Анау сақа шік түсті!

Саспа, таста, балақай,
Асық озды, қара, қай.
Шиыр енді сақаңды – 
Алшы түсті, алақай!

ДОМБЫРА

Бабаның күйі бар
Қос ішек үнінде.
Сазының сыйы бар
Өткен мен бүгінге.

Ұлтыңның сазы бар 
Шанақта сақталған.
Тарихтың мәні бар 
Күйінде ақтарған.

Қазақтың тілі бар
Пернеде тіл қатқан.
Бабаңның 
Біліп ал
Мұрасын тыңдатқан! 

ОТАН

Отан ана тербеткен
Ұл мен қызы бесігін.
Ұландары ер жеткен,
Ардақ тұтып есімін!

Қымбат тасы, тауы да,
Өзен, көлі, орманы...
Ата-бабам жауына
Жеңіс бермей,
Қорғады.

Ұланғайыр даласы –
Батырлардың мекені.
Парызын әр баласы
Адалдықпен өтеді.

Қазақ Елі – бақ маған,
Тірлігімнің тірегі!
Қайда жүрсем, мақтанам
Отаныммен үнемі.

КІТАП

Кітап бұл – қазына, 
Бар байлық құйылған.
Адамның бағына,
Құндылық жиылған.

Кітапта дананың
Ұлағат көзі бар.
От тілді бабаның
Киелі сөзі бар.

Кітапты оқысаң, 
Көкірек ашылар.
Зердеңе тоқысаң,
Білім боп шашылар!

Батыс Қазақстан облысы.

Суретін салған Наталья Ященко

458 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы