• Балаларға базарлық
  • 22 Ақпан, 2023

ҚЫС ҚЫЗЫҒЫ

Серік НҰҒЫМАН

Кеше Алматыға қалың қар жауды. Бұл қыс түскелі бергі жауған алғашқы қалың қар еді. Сәтін салғанда, жексенбіге тура келді.

Таңертең орнынан тұрған Елдардың көзі терезеге түсті. Сырт жақ жап-жарық сияқты. Жүгіріп барып қарағанда, жер-әлемнің ақ көрпеге оранып алғанын көрді. 

Елдар қысты жақсы көретін. Аппақ қарды тіпті де ұнататын. Бұрын атасы мен әжесінің қолында, ауылда тұрғанда қар жауған сайын айырықша қуанышқа кенелетін. Кішкентай шанасын сүйреп, дөңге барып, сырғанақ тебетін. Керемет еді ғой, шіркін! Із түсіп, жол ашылған соң, қызық басталып кететін. Омбы қарды бұзу – ересек балалардың міндеті еді. Олар алдымен қарға малтығып, төбенің үстіне шығады. Содан кейін шаналарын бір-біріне тіркеп, еңіске қарай қоя береді. Бар екпінімен жүйткіген шаналар қасат қарды жарып, етектегі жазыққа бір-ақ шығады. Сосын дөң басына қарай өрмелеу қайта  басталады... Елдар құралпы кішкентай ойыншыларға кезек содан соң ғана келеді. Бұл кезде сырғанақ сорабы айқындалып, түзу жолақ әбден тапталады. Бара-бара ол мұзға айналады... 

Қызығы көп сол ауыл қысы есіне түскен Елдар бір сәт мұңайып қалды. Ата-әжесін сағынғаны өз алдына, мынандай қалың қарда шанамен сырғанақ тебе алмайтынын ойлап, кәдімгідей жабырқады. Алматыда сырғанақ тебетін жер жоқ.  Қайдан болсын, ығы-жығы үйлердің арасында жай ойнаудың өзі мұң...

– Әке, далаға шықсам бола ма? – деді ол газет оқып отырған әкесіне.

– Неге? – деді әкесі газеттен көзін алмай отырып. – Қайда барасың?

– Далада қар жауыпты... – деді Елдар сөзінің соңын жұтып.

– Иә, рас... – деді әкесі сонда барып басын көтеріп, газетін жинап. – Түнде қар жауды. Алматының қалың қары да әдемі ғой... Бері кел, – деді сосын Елдарды қасына шақырып. – Алдымен оразамызды ашып алайық. Содан соң екеуміз сыртқа шығып, серуендеп қайтамыз. Бүгін демалыс болғаны жақсы болды!..

Екеуі шәйларын ішіп алды да, жылы киініп, тысқа шықты.

Бұл Елдардың Алматыда  көрген алғашқы қысы. Жан-жағына мұқият назар салып келеді. Қаладағы қыс қызық болады екен. Күнделікті қарбалас тіршіліктің қарқыны мұнда қар жауса да басылмайды екен. Қайда қараса да,  әр түрлі жастағы адамдардың бүрсеңдеп бара жатқаны. Заулаған көліктер де сол баяғы иінтірескен қалпы... Ауылда  басқаша болар еді. Таңертең алысқа жол жүрген бірен-саран жүргінші, мектепке бет алған балалар болмаса, елдің көбі үйінде отырады. 

Әкесі екеуі аяңдап Абай даңғылына келгенде тіптен басқа нәрсе көрді. Әуелі екеуі жолдың ортасындағы шыршасы көп алаңқайға өтті. Сонда байқады, шыршаның бәрі қар бүркеніп алыпты. Ары-бері өткендер қасына барып топырлап суретке түсіп жатыр. ­Өздері әлденеге мәз.  Сықылықтап күліп қояды.

– Шіркін, ауыл болса ғой, Елау, ә, – деді осы кезде әкесі. – Шанаңды сүйреп, Сарыдөңге барып, әй, бір армансыз сырғанасаң... Мұнда енді осы – сырғанақ жоқ. Тек  өстіп, көше аралап, көрініс қызықтайсың...

Әке сөзі көкейіндегіні дәп басқан Елдар жымиып күліп алып:

– Әке, қаладағы балалар сырғанақ теппей ме?  – деді сұраулы жүзбен.

– Ауылдағыдай сырғанақ тебетін жер жоқ қой мұнда. Болса да, алыс. Мұзайдын бар,  коньки тепкендер соған  барады...

– Мұндағы балалар аққала жасауды біле ме?

– Ол жағын білмедім. Қар домалатып ойнайтын шығар, бірақ, аққала жасағанын көрмеппін...

Екеуі  осындай әңгімемен Абай даңғылының біраз жеріне барып қайтты. Көкейіндегі «қала балалары қыста немен ойнайды?» деген сұрақ сол шешілмеген күйінде қалды.

Үйге келген соң Елдар әдеті бойынша кітап оқуға кірісті. Қолына «Менің атым Қожаны» алғаны сол еді, сырттан шиқылдаған торғайлардың үні естілді. Терезеге қарап еді, ағаштың бұтағына қонып алып, шиқылдап сөйлесіп отырған бір топ суықторғайды көрді. Өздері жаураған, жүндері үрпиіп кетіпті. Бір-біріне «бізге азық беретін кісі табылар ма екен?» деп жатқандай.     

Көп ойланып тұрған жоқ, асүйге барып, бір үзім нан әкеліп, уатып, терезе жақтауына шашты. Торғайлар қорқа-қорқа келіп нанды жей бастады. Олардың жем жеген түрлеріне бір сәт қарап тұрған  Елдардың өз-өзінен жылағысы келді.

Ауылда қыс түсіп, қар жауғанда түзде жүрген торғайларға жем шашқан әжесі: «Түз құстарының қысқы несібесі адам баласынан» дейтін күбірлеп. Әжесі есіне түсіп, көңілі босап еді Елдардың.

Суретін салған Ерлан Момбаев

288 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы