- Әңгіме
- 22 Ақпан, 2023
Жапырақ пен дауыл

(Мысал әңгіме)
Меңдібай ӘБІЛҰЛЫ
Күз келді. Адамдар ағаштардан түскен жапырақтарды сыпырғышпен жинап, арық жағасына үйіп қойды. Енді өртеу керек.
Жапырақтар Дауылдан көмек сұрады.
– Бізді адамдар отқа жағып жібергелі жатыр, – деді жапырақтардың бірі ұйықтап жатқан Дауылды оятып. – Құтқара гөр!
– Кім-м-м?
– Адамдар!
– Иә, иә, – деп шуласты жапырақтар жыламсырап. – Бізді өртегелі жатыр, құтқарыңыз!
– Қалай? Бұл мүмкін емес қой...
Осы аралықта жақын жерде жүрген кірпі жүгіріп келді Дауылға:
– Бізге көмек беріңіз! Жапырақтар жанып кететін болды. Олар менің досым. Күзде оларды үйіме жинап алушы ем, – деді ол жалынып.
Дауыл жол шетінде үйіліп жатқан жапырақтарды аяп кетті.
– Бұл адамдар қандай қатыгез болып кеткен?! – деді сосын түсі бұзылып. – Сендерді не үшін өртейді? Сендердің пайдаларың ұшан-теңіз емес пе. Соны біле тұра, қалай зұлымдық жасайды? Сендер топыраққа араласып жерді тыңайтасыңдар. Үлкен ағаштар тамыры суықта үсіп қалмау үшін сендерді жамылып жатады ғой...
– Иә, иә... Біздің қоршаған ортаға тигізер пайдамыз мол. Адамдар соны білмейді, – деді жапырақтар мұңайып.
– Сендерді орманға, тауға, құстың қанаты талатын ұлан-байтақ далаға ұшырып апарып тастаймын, – деді Дауыл күлімсіреп. – Қамықпаңдар, мен сендерді аман алып қаламын!
– Иә, сөйтіңіз, – деді жапырақтар шулап.
Кенет Дауыл өте қатты жылдамдықпен соға бастады да, төңірек алай-түлей болып кетті. Үйіліп жатқан жапырақтар қобырай шашылып, жан-жаққа ұша бастады.
Адам қолындағы сіреңкесін жағып үлгермеді. Ұйытқи соққан Дауыл «быж» етіп жанған сіреңкені өшіріп тастады.
Сарғайған жапырақтар өздерін оттан аман алып қалған Дауылға қатты риза болды.
– Сізге айтар алғысымыз шексіз! – десті қуанышқа бөленген олар жамырасып.
Тараз қаласы.
Суретін салған Ерлан Момбаев

46 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *