- Әңгіме
- 28 Қаңтар, 2023
ҚАРЛЫҚ

(Әңгіме)
Асхат ӨМІРБАЕВ
Жанар бүгін орнынан ерте тұрды. Терезеге барып қараса, далада қар жауып тұр екен. «Түс көріп жатқан жоқпын ба?» деп, екі көзін қолымен уқалады. Жоқ, шынымен-ақ жауып тұр. Қуанғаннан айғайлап жіберді.
– Алақай, қар жауды! Қар!
Оның дауысынан қонақ бөлмеде көрпе құрап отырған әжесі селт етті.
– Жанар-ау, сонша айғайлағаның не? Марғұлан оянады ғой,– деді сыбырлап.
– Әже, қараңызшы! Далада қар жауып тұр. Қыс келді!
– Иә, қыс келді! Алғашқы қар жауды.
Осы кезде аяқ тықыры естіліп, жандарына Марғұлан келді.
– Жүр, Марғұлан, далаға шығамыз, – деді Жанар інісіне бұрылып.
Екеуінің киімдерін киіп, сыртқа беттегенін байқаған әжелері:
– Әй, қайда барасыңдар?– деді таңырқап.
– Әже, біз далаға шығып, сырғанақ тебеміз, – деді Жанар.
– Балам-ау, қар әлі жауып жатыр ғой. Жас қарда шана сырғанамайды...
– Онда не істейміз? – деді балалар тосылып.
– Үйде отырып, «Қарлық» деген ойын ойнаңдар,– деді әже.
– Қарлық?! Ол қандай ойын?
– Мен қазір сендерге түсіндіремін,– деді әжелері оларға бұрылып. – Біз бала күнімізде осы ойынды ойнайтынбыз. Қазір ешкім ойнамайды.
– Әже, неге ойнамайды?
– Білмесе, несін ойнайды. Бұрын алғаш қар жауған күні адамдар жақын туыстарына, достарына өлеңмен хат жазып, бір тілегін орындауын сұрайтын.
– Аяз атаға хат жазған сияқты ма?
– Иә. Бірақ, хатын әлгі жақынының қалтасына, сөмкесіне, не кітабының арасына білдірмей салып қояды. Оны «қарлық» дейді.
– Әже, мынау күшті ойын ғой, – деді Марғұлан ойынды қатты ұнатып. – Сонда мен атамның қалтасына хат салып қойсам бола ма?
– Болмағанда. Солай істе. Жанар, сен де атаңа хат жазып, айна, тарақ сұра.
– Маған мәшине керек, – деді Марғұлан өз қалауын білдіріп.
– Сонда қандай тақпақ жазсам болады? Әже, көмектесіңіз. Аяз атаға айтатын тақпақты жазсам бола ма?
– Болады.
Жанар дереу қағаз, қалам әкеліп, тақпақ шығаруға отырды.
«Қалам алдым қолыма,
Атаммен «қарлық» ойнаймын.
Сүңгітіп хатты тонына,
Қызыққа мен тоймаймын», – деп жазды ақ параққа. Сосын дауыстап оқыды.
– Жарайсың, құлыным! Жақсы жазыпсың! – деді әжесі сүйініп.
Марғұлан да ақ параққа көлігін салып үлгерген екен, әкеп көрсетті.
– Жарайсың! – деді әжесі оны да қуантып.
Осы кезде даладан аталары кірді. Екеуі білдірмей барып қалтасына хаттарын сүңгітіп жіберді. Қалтасына қолғабын салғанда аталары іште қағаз барын байқап, таң-тамаша болды.
– Бұл не өзі? – деді алып қарап.
– «Қарлық» қой. Мыналар ойнасын деп үйреттім.
– Солай де. Кәне, көрейік, не тілек жазды екен... маған салық салмақ қой...
– Андағы тақпақты Жанар жазды.
– Сенің салған суретің де әйбәт екен, – деді атасы қасындағы Марғұланға бұрылып. – Жақсы. Тілектерің орындалады, құлындарым. Қайта тірілген осы ескі ойынның құрметіне болса да айтқандарыңды орындаймын.
– Алақай! – деген Жанар мен Марғұлан қуана қол соқты.
Суретін салған Ерлан Момбаев

60 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *