• БАЛДЫРҒАН
  • 28 Қаңтар, 2023

АҚ БОРАН

Белгілі жазушы, аудармашы Жекен Жұмақановтың туғанына 110 жыл

Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысып, 1946 жылы ғана елге оралған майдангер атамыз Жекен Жұмақановтың «Солдат жолы», «Әлия Молдағұлқызы», «Әлия», «Жазылмаған кітап», «Келін», «Қаракөз қарындасым», «Үш бәйтерек», «Екі жол», «Соқпақ соңы», «Адам тау қопарады», «Мен жұмысшымын», «Махаббат пен мансап», «Қиядағы қайың» секілді көптеген кітаптары жарық көрген. Ол көркем аударма саласында да өнімді еңбек етіп, Н.Гогольдің «Рим» деген әңгімесін, 
М.Садовянудың «Митра Кокорь» хикаятын, В.Орловтың «Батыл ой» және Морис Торездің «Халық ұлы» деген кітаптарын қазақ тіліне тәржімеледі. 
Кәнеки, балалар, биыл туғанына 110 жыл толып отырған Жекен атамыздың балалар өмірін арқау еткен бір әңгімесін оқи отыралық.

Жекен ЖҰМАХАНОВ

Қасымның үйі таудағы отарда тұрады. Өзі ауылдағы мектеп-интернатта оқиды. Айына бір, кейде екі рет демалыс күндерінде үйіне барып қайтатын. Қыс түскеннен бері барған жоқ. Жолды қар басып қалған, машина қатынамайды. Соңғы кез үйінде болғаны есіне түсті.

Қазір қардың мінезі де қатал. Сарыарқаның қаһарлы қысы қыр жонында ойнақ салғалы бір жеті өткен. Түнде жапалақ-жапалақ қар жауса, ертемен жел көтеріліп, ақ түтек боран ышқынады. Екілене соққан ақ түтекті қазақтар «ат құлағы көрінбейтін ақ боран» деседі. Мұның шындығын Қасым өз көзімен көріп келеді. Мініп келе жатқан жирен дөненнің құлағы да, басы да көрінбейді. Тіпті түсінің жирен екені де байқалмайды. Қазіргі түрі қара көк десе де, бурыл десе де болғандай. Жануар желден ығыса мойнын қырын ұстап, қарды күрт-күрт басып, суыт аяңдап келеді. Қасым байқап қалды: соқпақтан шығып кеткен тәрізді, өйткені ат тұяғы тиген қардың буыны берік, күртілдек, соқпақтың екі қапталындағы есіліп жататын қар сияқты емес. Ол қауіптенді. Ойыстай, ойыстай кең даланың елсіз, панасыз бір қырына шығып кеткенім жоқ па? Онда адасқаным... Боран бет қаратпайды. «Бұл дала – Қызыл шұнақ аяз бен у да шу боранның патшалығы!» деп ызғырық екіленетін сияқты. Қылжақтайды, еліреді, үйіріп билейді, бетті осып өтеді.

Қасымның үзеңгідегі аяғы тоңазыды. Етік ішінен жүннен тоқылған байпақ киген, қалың шұлғауы да бар. Сонда да бақайлары тызылдап, шыдатпай барады. Жиі-жиі тебінеді, дөнен суырыла аяңдайды. «Үсік аяқтан басталады» деуші еді үлкендер. Соның басталғаны ма?..

Кеше ғана ашық еді, даланы жапқан ақ көрпе күмістей жылтылдап, көзге шағылысып, шағырмақ болып тұрған. Мектеп-интернаттан демалыс алып, таудағы үйіне келген Қасым енді орталыққа қайтпақшы болып ат ерттегенде де күн бұлыңғыр емес-ті.

Аяғын жылыту үшін аттан түсті, жиренді жетелеп домалана аяңдап біраз жаяулады. Үйіріле соққан жел мұны бірнеше рет құлатып кете жаздады. Бөлімше орталығы ендігі қарасын көрсетіп қалса керек еді. «Бұл қалай, ыққа қарай ойыстап, өзге жаққа кетпедім бе, боранның ырқына көне берсек, ат та, мен де үситін болармыз...». Қасымды осындай суық ойлар қамап алды. Ол тепкілеп-тепкілеп, шелек аузындай жердің қарын ойды, шөптесіне дейін аршыды да, жата қалып құлағын төседі. Осылай еткенде, елді мекеннің дабырасы, иттердің үргені, жылқының кісінегені белгі береді дейтін үлкендер. Әуелі бір шыңыл естілді, шананың сырғанауы ма, бағанадағы сымның ызыңы ма, ажырату қиын. Бір дүңкіл де сезілді, күңгірт дүңкіл. Басқадай дыбыс жоқ. Әлгі шыңыл да, дүңкіл де оң иықтан келеді. Сірә, ауыл оң жақта қалса керек. Бала сүріне-қабына бағытты оңға қарата ұстанды.

Қарға малтыға аяңдап, терлеп кетті, аяғы да жылынды. Атына мінді. Таралғы да мұздап қалыпты, сырма шалбардан суық өте шығып, екі саны тоңып кетті.

Тебініп қалып, желе жөнелді, жирен басын төмен салып, ызғырық боранды сүзе, қайта-қайта пысқыра берді. Бір мезет ол кілт басын көтеріп, құлағын қайшылады.

Демек, қара көрді. Мал ма, адам ба?.. Жирен оқыс тоқтай қалды. Енді байқады, ат тұмсығын қар астында қалған бір мая пішенге тірепті. Қарды тұмсығымен бұзып, шөпке ауыз салмақ. Бала жерге түсті. Ақ түтек боран ішінде жатқан адамға айнала анығырақ көрінеді. Ол жата қалып жан-жаққа көз тікті. Маңайдан қадау-қадау маялар боран арасынан қылаң беріп қалады. Енді көңілі орныға бастады. Бұл тұс бөлімше орталығының сол қанатындағы қамысты қопа, ойпат екені, осы арадан күзде бөлімше адамдарының пішен шауып, мая үйгені есіне түсті. Бұл жерден ауыл алыс емес, күн ашықта үйлерінің шатырлары көрініп тұрады. Алдан соққан боранды елемей, Қасым жиренге қамшы басты. Жер таныған дөнен де мойнын созып, басын қырын ұстап, бүлкек қақты.

Көп ұзамай, Қасым мектеп-интернат ауласының іргесінен шықты. Ақ құйын арасынан қараңдаған біреу:

– Бұл кім-ей, Тілеукенов емессің бе?– деп дауыстады. Мектеп-интернат директорының дауысын бірден таныды. Дөненін ат қораға апарды. Ақ боран ішін тартып, әлі ызыңдап тұр...

Суретін салған Ерлан Момбаев

 

292 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы