- Балаларға базарлық
- 28 Қаңтар, 2023
Өлеңдер топтамасы

Мира ИБРАЕМОВА
ӘНҰРАН
«Алтын күн – аспаны»,
Деп шырқар жастары!
Әнұран сыр шертер,
Елімнің дастаны!
Рухты елімде,
Дем беріп сенімге!
Әнұран шырқалар,
Жеңістер төрінде!
ЖАЛҒАС
Жан әкемнің – күнімін,
Анашымның – гүлімін.
Еркелеймін оларға,
Балдай тәтті қылығым.
Болашаққа біліммен,
Аттанбақпын бүгін мен.
Ел ертеңі жалғаспақ,
Қызы – нәзік гүлімен.
СПОРТ
Спорт – менің серігім,
Шымыр дене – көрігім.
Айналыссам спортпен,
Арта түсер сенімім.
Аянбаймын ел үшін,
Зор еңбектің жемісін –
Бір кісідей сыйлаймын,
Олимпиада жеңісін.
САЛТ-ДӘСТҮРІМ
Салт-дәстүрі халқымның,
Көрсететін бар қырын.
Салт-дәстүрім – қазынам,
Қолымда бар алтыным.
Салт-дәстүрім – тарихым,
Ел ұмытпас тарихын.
Дәстүріміз – алтын мөр,
Өзге елдер танитын.
ҰЯ
Ұя салды көктемде,
Қос қарлығаш ұшып кеп.
Біткенше ұя тынбады,
Ары-бері ұшып көп.
Бірі батпақ әкеліп,
Қабырғасын лайлады.
Екіншісі «шименен»,
Керегесін байлады.
Көп еңбекпен ақыры,
Бітірді олар ұясын.
«Кіп-кішкене бұл үйге,
Екеуің қалай сиясың?
Шыныменен таңданып,
Ойланып көп жүргенде.
Бір күні одан қуандым,
Төрт жұмыртқа көргенде.
Балапаным үшін деп,
Жасапты ғой ұяны.
Балапандар әрине,
Ұяға еркін сияды.

136 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *