• Балаларға базарлық
  • 28 Қаңтар, 2023

МЕРГЕН ҚЫЗ

Камшат  ӘБІЛҒАЗЫҚЫЗЫ

(Ертегі)

 

Ертеде бір жайлы мекенде адамдар топтасып өмір сүріпті.  Аң-құсы мол ол жердің тыныштығы көп өтпей бұзылыпты. Өйткені, онда ұзындығы он екі құлаш алып жылан пайда болған екен. Жолындағының бәрін жалмаған жалмауыз адамдарға қауіп төндіреді.  Одан аман қалудың жайын ойлаған ел ағалары бір күні жиналып, ақылдасады.

– Бұған төтеп беру оңай емес. Бұл жалмауыз бұрын да бір келіп, құтымызды қашырған. Онда мен жас едім. Көне көздердің бірі «Осыдан бір күндік жерде бір биік тау бар. Соның басын ақ барыс мекендейді. Ол жай аң емес, күндіз барыс боп көрінгенмен, түнде көзі от шашқан нағыз жауынгерге айналады. Егер кімде-кім оған жетіп, өнерін үйренсе, елді аман алып қала алады» дейді үміт отын жағып. Ел қиналып тұрғанда қарап қалмақ бар ма? Тағы біраз жігіт бар, аттанып кеттік. Бірақ, мен жолда көзімнен айырылып, жете алмадым. Басқа бір жігіт жетіп, қайтып келіп, жыланды өлтірді. Мына жалмауыз соның баласы болу керек» – дейді бір абыз кария.

– Кім барады? – дейді ел ағасы.

– Мен.

– Мен, –  деп алға шығады жүректі жігіттер.

Бес жігіт жолға дайындалады. Араларында жалғыз қарындасы бар бір жігіт бар екен.

– Ағатай, мені де ала кет. Сен болмасаң, мен қалай өмір сүрем. Бірге барайын! – дейді қыз ағасына жалынып.

– Ол жер өте қауіпті, қыз бала баруға болмайды, – дейді ағасы көнбей.

Ары өтініп, бері өтініп, көндіре алмаған соң қыз өз бетімен жолға шығады. Ағасының соңынан еріп отырып, жолдың ауырлығына қарамай тауға жақындайды.

Жолда бес жігіттің үшеуі құлап мерт болады. Белдеріне арқан байлап, бір-біріне сүйеу болған қыз ағасы мен оның досы ғана тау басына шығады.  Артынша қыз да жетеді олардың ізімен.

Сәл демалып алайық деп ойлаған екі жігіт ұйықтап кетеді. Оянғанда алдарында тұрған ақ барысты көреді. Барыс ырылдап айбат шегеді. Естеріне «Егер ақ барысты жолықтырсаңдар, көзіне тіке қарамаңдар, соқыр болып қаласыңдар» деген абыз қарияның сөзі түседі. Қыздың ағасы көзін ала бере жанарының жарқ ете түскенін сезеді. Іле есінен танып қалады. Екі жігітті аяқтарынан тістеген ақ барыс үңгірге қарай сүйрейді.   

Осының бәрін сыртынан көрген қыз қатты қорқады. Торсығындағы соңғы тамшы суын аузына тамызады. Сол сәт ту сыртынан қадалған шоқты көзді сезеді. Орнынан атып тұрғанда, ұзын бойлы, сымбатты жауынгерді көреді. Қайдан пайда болғанын білмей таң қалады.

– Армысыз! Мен мұнда ағаларыма ілесіп келдім. Сіз де ақ барысқа келдіңіз бе?

– Ақ барысқа не себепті келдіңдер? – дейді жауынгер.

– Елімді жалмауыз жыланнан құтқару үшін, – дейді қыз. 

– Жақсы. Қазір мен сенің көзіңді байлаймын. Байланған көзіңді мен рұқсат бермей ашушы болма. Ашсаң, мұнда босқа келгенің, – дейді жауынгер.

Қыз келіседі.

Күн мен түннің айырмасын білмеген қыз барыстың тұрағында ұзақ жаттығады.  Шынығып, шалт қимылға үйреніп, көзі байлаулы күйінде межеге дөп тигізетін болады.

– Бүгін сенің мұндағы соңғы күнің. Көзіңді ашып, еліңе қайтарам.  Әбжыланмен айқасқанда, көкірегіңдегі көзді оят. Көзіңді жұмып, ойыңды жина. Сонда оны жеңесің, – дейді жауынгер.

Соны айтып қыздың көзін шешеді. 

Қыз көзі жарыққа үйренгенше жауынгер ғайып болады. Сол сәт қыз таудың келесі қапталынан ақ барыстың көлеңкесін көреді. Өзін баптаған сол екенін біліп, жылап жібереді.

Тау етегінде ағасы мен оның досын кезіктіреді. Екеуі де соқыр болып қалған екен. Үшеуі ептеп елге оралады.  

Әбжылан күніне бір адам жеп, елді үрейде ұстап отыр екен. Қыз оған төтелете тартады. Ысылдаған дауысынан құм көшіп, жел тұрады. Қыздың айналасы ақ түтекке айналады. Көзін тарс жұмған қыз дыбыстардың алмасуы арқылы жыланмен айқасқа түседі. Басын кекжиткен жыланға шірене тартқан жебесі дөп тиіп, мерт қылады. Әп-сәтте жел басылып, тыныштық орнайды.

Жыланның көзін құртқан қыз ауылына аман-есен қайтып келеді. Оның ерлігі алысқа тарайды. Ал елі болса, содан былай тыныштықта өмір сүреді.

Өскемен қаласы

Суретін салған Ерлан Момбаев

271 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы