• Жарайсың
  • 30 Желтоқсан, 2022

ШЫНЫҚСАҢ ШЫМЫР БОЛАСЫҢ...

Болат ҮСЕНБАЕВ

ҚАЛМА ҮЙДЕ БҰҒЫП

Қалма үйде бұғып,
Күнде ерте тұрып
Жаттығулар жаса
Терің шып-шып шығып.

Көтер қолды өрге,
Оңға, солға серме.
Қимылдағын ширақ,
Тек асыға көрме.

Ерінбегін, өрен,
Қимылдасын денең.
Еңкей жерге қарай,
Жоғарыдан төмен.

Бұлшық еті білем,
Жігіт болып шірен.
Иеленгін озып,
Жүлделерді кілең!

 

КӨҢІЛДІ ОЙЫН

Жету үшін жолға алыс,
Керек қимыл, қозғалыс.
Күнде ертемен жүгіріп,
Жаса өзіңе қолғабыс.

Көк белеске шығайық,
Отырайық, тұрайық.
Жүгірейік екпіндеп,
Көбелекті қуайық.

Өзімізге сенеміз,
Ат боп шауып келеміз.
Отырмаймыз бүрісіп,
Ұйымайды денеміз.

Ойын неткен көңілді,
Маужырауым сейілді.
Тұла бойым қызды да,
Терім мөлт-мөлт төгілді.

 

САУСАҚ ЖАТТЫҒУЛАРЫ

Жазу жазып шаршапты,
Қадірлейік саусақты!
Демалдырып алайық
Жаттығумен оншақты.

Бір, екі, үш деп жұмайық,
Қалсын ептеп тыңайып.
Саусақтарым салалы,
Өнерпазға лайық.

Оңға-солға иейік,
Жұдырық қып түйейік.
Биші, күйші болуға
Саусақтар тұр тіленіп.

Болу үшін тым епті,
Қозғалтайық білекті.
Саусақтарым дайын,
Ұстауға да күректі.

Неге қолым ұйып тұр,
Алақанды аш, біріктір.
Қимылдатып алайық,
Буындарын бүгіп бір.

Алақанды ашайық,
Көкке шашу шашайық.
Қимылдатып аспанда,
Жаттығулар жасайық!

 

БОЛАМ  СПОРТ САҢЛАҒЫ

Шынығамын жаттығып,
Жүгіремін доп қуып.
Сенделмеймін көшеде,
Көрінгенге соқтығып.

Спортшы елдің ардағы,
Әр баланың арманы.
Елдің даңқын асырып,
Болам спорт саңлағы.

Намысыма сенемін,
Қуантамын сені елім.
Чемпион боп Отанның
Асқақтатам мерейін!
 

Суретін салған Наталья Ященко

 

 

554 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы