• БАЛДЫРҒАН
  • 31 Желтоқсан, 2022

ХАЙУАНАТТАР БАҒЫНДА

Ақылбек ШАЯХМЕТ

КЕРІК

Мойыны ұзын жануар
Жылы жақтан табылар.
Жапырақты биіктен
Жұлып жейтін халі бар.

 

ТАУТЕКЕ

Қияда өтер қызығы,
Қарағайдай мүйізі,
Жақпар тасқа секіріп,
Тауда жүрер күнұзын.

 

БҰЛАН

Көрер көзге ұнамды,
Суыққа да шыдамды,
Бұғы ма деп қаласың,
Көрген кезде бұланды.

 

АРҚАР

Тауда туып, таста өскен,
Үй қойынан басқа өскен,
Қошқар десе құлжаны,
Жеңіледі бәстескен.

ТИІН

Жолықтырсаң тиінді,
Таңғалмауың қиын-ды,
Жаңғақ шағып жатқанын
Көрген кісі сүйінді.

 

КӘМШАТ

Кәмшат десе көрікті
Еске аламыз бөрікті.
Кәмшатты інім шынында
Су түбінен көріпті.

Сүңгуірдей зулайды,
Балықтарды аулайды.
Тек әлсізін қылғиды,
Жүйріктерін қумайды.

 

ҚҰНДЫЗ

Босқа жатып семіріп,
Отырмайды ерініп,
Биік-биік ағашты
Құлатады кеміріп.

Қиындыққа шыдайды,
Бөгет жасау – ұнайды.
Үйшік жасап шыбықтан,
Оны да өзі сылайды.

 

БОРСЫҚ 

Науырзымның орманы
Туған өлке қорғаны.
Мекен еткен бұл жерді
Борсық – орман бағбаны.

Майлы болса денесі,
Семіз қылған жер осы.
Оянбайды ұйқыдан
Жазға дейін келесі.

 

ҚҰЛАН

Құландардан қалған із
Шынында да аз-ақ па?
«Құлан жортқан құла түз»
Деген сөз бар қазақта.

Барсакелмес аралда
Жортып жүрген құландар.
Ылғи асау, тағы аң ба?
Көргендерден сұраңдар.

Қостанай қаласы. 

Суретін салған Наталья Ященко

 

69 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы