• БАЛДЫРҒАН
  • 31 Желтоқсан, 2022

Қарындастың «қамқорлығы»

Өтебай СЕРӘЛІ 

Мектептен келген Ернияз тамағын іше сала ойынға кірісті. Асхат, Нұрбақыт үшеуі белесебетпен жарысты. Нұрбақыттың су жаңа белесебеті қалай салсаң да суырылып алға шыға берді. Асхат екеуі қанша тырысқанымен одан оза алмады.

Нұрбақыт құйындай зымырап, қоңырауын сыңғырлатып басып озған сайын:

– Оһ, менің темір тұлпарым! – дейді қолын көтеріп.

–  Жаңа болса, мен де жеткізбес едім, – дейді Асхат төменшіктеп.

– Жаңаның аты жаңа ғой, – дейді қатар келе жатқан Ернияз алдыдағы досына қызғана қарап.

Ауылдағы үлкен көшеде әрі-бері ойқастап, біраз жарысқасын үшеуі футбол ойнап жатқан Нұрдәулеттерге қосылды. Содан әбден кеш батқанда үйге оралған Ерниязға анасы:

– Күні бойы қайда жоғалдың? Бұзауға шөп салмапсың ғой. Әкең жоқта шаруаға қарайлассаң нетер еді? – деді ренжіп. 

– Мен келгенде бұзау шөбін тауыспапты, – деді Ернияз күмілжіп.

– «Тауыспапты» дейді. Қораға барсам, тілін тістеп мөңіреп тұр ғой, су да бермепсің...

Анасының ашулы екенін байқаған Ернияз ойынға айналып, өзінің үлкен  қателік жасағанын түсінді.

– Сабағыңды оқыдың ба?

–Енді оқимын...

Ернияз жүгіріп барып бұзауға шөп салды. Артынша өрістен келген қойларды қораға қамады.

Кешкі астан кейін сабаққа отырды. Қазақ тілі жаттығуын жаза бастағаны сол еді, күнде көріп жүрген киносы басталды. Кітап, дәптерлерін жимаған қалпы теледидарға телмірді. Екінші сыныпта оқитын қарындасы Нұргүл стол басында жалғыз қалды.

Күні бойғы ойыннан шаршаған Ернияз кинодан кейін сілесі қатып ұйықтап қалды.

Ертесі таңертең «Тез тұр! Сабақтан қаласың» деген анасының ашулы үнінен оянған Ернияз шайын асығыс іше салып, мектепке қарай жүгірді.   

Бірінші сабақ қазақ тілі екен. Сыныптастары кітаптарын ашып, дәптерлерін дайындап жатты. Жаттығуды орындамағаны есіне түскен Ернияз Нұрбақытқа:

– Жаттығуды жаздың ба? – деді.

– Иә, – деп сыбырлаған Нұрбақыт дәптерін ашып алдына қойды.

– Тапсырманы бәрің орындадыңдар ма? – деп сұрады осы кезде апай.

– Орындадық! – деп шу етті балалар.

Ернияз ақырын дәптерін алып, парақтай бастады. Міне, қызық, кеше өзі бастап, аяқсыз қалдырған тапсырманы әлдекім орындап қойыпты. Өз көзіне өзі сенбей қайта қарады. Жаттығу шынымен-ақ орындалған, тек жазу өзінікі емес.

Жанына келген мұғалім:

– Ернияз, сен тапсырманы қалай орындадың? – деді дәптеріне үңіліп.

– Иә, апай... жоқ, мұны мен орындағам жоқ, апай... мен... мен... – деді сасқалақтаған Ернияз апайына тура қарай алмай.  

Апай да жазудың Ернияздікі емес екенін байқаған сияқты:

– Ендеше мынаны кім жазды? – деді сыбырлап

Ернияз не айтарын білмей тұқыра берді. «Нұргүл ғой, бәрін бүлдіріп жүрген» деді ішінен.

Апай бұған қатты ұрысқан жоқ. «Мұндай екінші рет қайталанбасын» деді зілсіз ғана. «Мұғалімнен сөз естіп қалмасын» деп мұның қамын жеп жүрген қомқор қарындасына риза болған Ернияз жалп етіп орнына отыра кетті. 

Қызылорда облысы.

Суретін салған Ерлан Момбаев

 

89 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы