• Балаларға базарлық
  • 30 Желтоқсан, 2022

Тәкаппарлықтың «тартуы»

Дәнеш АХМЕТҰЛЫ

(мысал)

Бақтағы жеміс ағаштарының ішіндегі ең кереметі мәуелеп өсіп тұрған жалғыз түп алма ағашы болатын. Міне, жеміс ағашы деп соны айт! Сонау ерте көктемде аппақ нәзік гүл ашқаннан қашан күз болғанға дейін сұлу қалпынан бір сәт айырылмайды. Әу баста ақ көбелектің қанатындай үлбіреген гүлдерімен көз арбаса, күзде жұдырықтай қып-қызыл алмаларымен көңіл қызықтырады. Бірақ, алма ағашы мейлінше паң, тым тәкаппар еді. Басқа ағаштарды суқаны сүйіп, жаны қаламайтын. Оларға менменсіп, асқақтап қарайтын. Дегенмен алма ағашы иесіне тым ыстық, қадірлі еді. Сәт сайын иесіне құбыла қарап, бөлекше наз төгетін. Айтқанының бәрін орындатып, дегеніне жетіп тынушы еді.

     Бірде қасына келген иесіне ол:

– Мен қысылып тұрмын, ием. Себебі ана бір жапырағы салбыраған өрік ағашы маған тым тақау орын теуіпті. Шап та, көзін құрт, – деді өзіне тым сенімді бұйрық райда.

Иесі ақпейіл, момын адам болатын.  Өзінің сүйікті алмасына қарсы келмейтін. Бұл жолы да оның айтқанына қиналып, іштей ренжісе де өрік ағашын шауып тастады.

Көп өтпей алманың өтініші бойынша сол жақ бүйіріндегі қос түп сәмбі тал мен биік тақтай дуалды да алып тастады. Ендігі кезек жап-жас  алма ағаштарына келді. Иесі олардың орнын өзгертпек болғанда, олар қарсы болып, шулап қоя берді.

     – Бағбан ата, бізді жұла көрмеңіз!

     – Қожайын, бізге мейірім танытыңыз!

     – Обал-сауапты ойлаңыз! Бізді аяңыз!

Қожайын олардың айтқанына құлақ аспады. Жас алма ағаштарын қазып алып, бақшаның өзге тұсына апарып тастады.

Көктем өтіп, жаз ортасына таяды. Тағы да үлпілдеген нәзік гүл атқан тәкаппар алма ағашы биыл да нарттай қызыл алмалары самсап, жапырағы жайқалып өсіп тұрды.

Күз келді. Бір күні күтпеген жерден алай-дүлей долы боран тұрды да, алма бұтағындағы жемістер түгі қалмай саудырап, төгіліп түсті. Мәуесінен айырылған жеміс ағашында не сән болсын. Лезде сықпыты кетіп, сүмірейді де қалды. Кешегі өзін қоршап, қалқа болып тұрған дуал, қос түп сәмбі тал мен басқа ағаштардың қадірі енді білінді. Алма ағашын орны толмас өкініш биледі. Бірақ, одан не пайда? Бәрі кеш еді...

Суретін салған Ерлан Момбаев

201 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы