• Жарайсың
  • 30 Желтоқсан, 2022

УӘДЕДЕ ТҰРУ

Дүйсен  МАҒЛҰМОВ

 

– Ата!

– О не, балам?

– Бір нәрсе сұрасам бола ма, ата?

– Неге болмайды, сұрай ғой!

Иман төрде малдас құрып отырған атасына жақындап келіп, тізе бүкті. Ислам ата бар зейінін немересіне аударып, оған қарай сәл еңкейіп отырды.

– Ата, уәде деген не?

– Иманжан, оны не себепті сұрадың? – Немересінің мұндай мағыналы сұрақ қойғанына іштей таңырқаған қажы ата алдымен оның себебін біліп алғысы келді.

...Бұл сұрақ мына жағдайдан туындаған еді.

Иманның сыныбында Марат деген бұзықтау бала бар. Сыныптың қыздарына қырғидай тиіп жүреді. Бүгін де ол қыздарға тиісіп, бір-екеуін жылатып қояды. Апай оны тұрғызып қойып:

– Марат-ау, сен өткенде ғана енді бұзық болмаймын деп сынып алдында уәде бердің ғой. Сол уәдеңді неге орындамайсың. Уәдені орындамау – жаман қасиет! – дейді.

Сол кезде алдыңғы партада отыратын аңқау Нұрлан:

– Апай, уәде деген не? – деп сұрап қалады.

– Нұрлан, сұрағың өте дұрыс, – деп оған ризалықпен қараған апай әңгімесін ары қарай жалғап:

– Мен осы сұрақты өздеріңе үй тапсырмасына беремін. Ата-әжелерің, ата-аналарыңның көмегімен осы сұрақтың жауабын біліп келіңдер. Келесі жолғы «Ана тілі» сабағында маған айтып бересіңдер – дейді...

Иман бұл жайды атасына дәл осылай тәптіштеп тұрып айтып берді.

– М-м-м, солай екен ғой. Ал, Марат бұзыққа не істедіңдер? – деді Ислам ата түсін суытып.

– Қыздардан кешірім сұраттық. Тағы да «енді бұзық болмаймын» деді.

– Апайларыңа рақмет, Иманжан! Сендерге өте маңызды тапсырма беріпті. Сен қазір мен айтқан әңгімені жақсылап ұғып ал. Ұмытып қалма. Апайыңа жақсылап айтып бересің, мақұл ма?!

– Мақұл, ата! – Иман құйрығымен жылжып одан сайын атасына жақындай түсті.

– Уәде – әрбір мұсылман үшін, яғни, біздер үшін өте қастерлі ұғым. Асыл қасиет. Имандылықтың нағыз көркем сипаты. Уәде сөзі бізге араб тілінен енген. Ол кейде «уағда» деп те аталады. Уәде екі түрлі болады. Біріншісі, Алла Тағалаға қатысты уәде. Алла Тағала мен адамдардың арасындағы уәделесу. Мұны «Әл-мисақ» дейді, мағынасы «сөз, уәде беру» дегенді білдіреді.  Яғни, Алла Тағала ислам дінінің шарттарын орындауға бет бұрған адамнан өзіне ғана құлшылық етуге, оған еш нәрсені  қоспауға, серік етпеуге, шариғат заңдарын сақтауға уәде алады. Сол пенде Аллаға берген осы уәдесіне берік болуы тиіс. Екіншісі, адам мен адамның арасындағы уәде. Ол ұстаз бен шәкірттің, ата-ана мен баланың, дос пен достың, бір адам мен көпшіліктің, тіпті бір-біріне қарсы жандардың арасында да бола беруі мүмкін. Яғни, уәдені адамдар бір-біріне белгілі бір істі орындауға, жаман қылықтар (өсек, өтірік айтпау, сөзіне ие болу, ұрлық жасамау, т.б.) істемеу үшін береді. Уәдеге берік болу оңай іс емес. Ал берген уәдеңді орындамасаң күнаға батасың. Бұл туралы Құран Кәрім мен Мұхаммед пайғамбардың хадистерінде жан-жақты айтылған. Пайғамбарымыздың бір хадисінде: «Маған алты нәрсеге кепілдік берсеңдер, мен сендердің жәннатқа кіретіндеріңе кепілдік беремін. Сөздеріңе берік болыңдар, уәделеріңде тұрыңдар, аманатты қайтарыңдар, ұятты жерлеріңді сақтаңдар, көздеріңді төмен салыңдар, қолдарыңа ие болыңдар» –  дейді. Уәдеде тұрмайтын адамдарды пайғамбарымыз екі жүзділер санатына кіргізген. «Олардың белгісі үшеу – өтірік айтады, уәдесін орындамайды, аманатқа қиянат жасайды» – дейді пайғамбар.

Қазақ халқы да осы уәде атты қасиетті ұғымға өте сақтықпен, құрметпен қараған. Сондықтан болар ата-бабаларымыздан «Уәде – құдайдың бір аты» деген тәлім қалған. Бабаларымыз айтылған сөзге сенген, берілген уәдеге сай алыс-беріс жасаған. Екі сөйлегенді, уәдесінде тұрмағанды қатты сынға алған. Уәдеге қатысты айтылған «Айтылған сөз – атылған оқпен тең», «Ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені» деген  нақыл сөздер әлі өз маңызын жойған жоқ, балам, – деді Ислам ата әңгімесін тәмамдап...

...Бір күннен кейінгі болған «Ана тілі» сабағында Иман атасынан естіген әңгімесін қаз-қалпында айтып беріп, апайдан мақтау естіп, «бес» деген баға алды...

Суретін салған Ерлан Момбаев

262 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы