• Ертегі
  • 30 Желтоқсан, 2022

КІРПІ ҚОҢЫЗДЫ ҚАЛАЙ ПІСІРДІ?

(Эстон ертегісі)

Жаңбырлы күні бір кірпі орман ішін кезіп, қорек іздеп жүріпті. Әрбір талдың түбін тіміскілеп, әр бұтаның арасына тұмсығын тығады. Алайда сүйіп жейтін жеңсік асы – құрт-құмырсқа, өрмекші, қоңыз дегендер табыла қоймайды. Олардың бәрі жаңбырдан қашып, ұяларына тығылып қалған болатын.

Кірпінің қарны ашып, іші шұрқырай бастайды. Кенет алдынан бір қоңыз шыға келеді. Өзі сондай семіз екен. Сілекейі шұбырған кірпі қоңызды дереу табанымен баса қалады.

– Ой-ой! Жібер мені, – дейді қоңыз кірпіге.

– Жібермеймін, – дейді кірпі.

– Маған не істемек ойың бар? – деп сұрайды қоңыз.

– Не істеуші едім? Жеймін, – дейді кірпі.

– Жемеші, – дейді қоңыз жалына үн қатып. – Мені қоя бер. Сонда саған рақметімді айтып, жүрген жерімде «кірпі жақсы» деп мақтап жүретін боламын.

– Сенің рақмет айтқаның маған түк те керек емес, – дейді кірпі мырс етіп. –Қарным ашты. Сондықтан сені жеймін.

Қоңыз қанша жалынса да кірпі міз қақпайды. Жібермейді.

Ақыры құтылмасын білген қоңыз бір амал ойлап табады.

– Айтпақшы, сен білмейді екенсің ғой. Мені шикідей жегеннен гөрі отқа қақтап, пісіріп жесең, дәмдірек боламын, – дейді ол кірпіге.

Кірпі ойланып қалады. «Шынымен-ақ бұл қоңызды отқа қақтап жесем қалай болар екен, ә? Шикідей талай жедім ғой. Дәмді. Ал отқа қақталғаны одан да дәмдірек болатын шығар...... Не де болса, жеп көру керек» дейді ішінен.

– Жарайды, – дейді кірпі жұтына қалып. –  «Отқа қақта» десең, қақтап-ақ жейін. Бірақ отты қайдан табамын?

– Сол да сөз болып па? Өріске барайық. Сол жерде малшылар от жағады. Дайын отқа мені қақтай саласың, – дейді қоңыз.

– Жарайды! Барсақ, барайық, – деп кірпі келісе кетеді.

Сөйтіп екеуі өріске келеді. Келсе, малшылар кетіп қалған екен. Жаққан оттары әлдеқашан сөніп, күлге айналыпты. Күлді көрген ақымақ кірпі «от деген осы шығар» деп ойлайды.

– От табылды. Енді бізге істік керек. Соған сені қадап алып, қақтап жеймін, – дейді кірпі.

Амалының іске асқанын білген қоңыз қуанып кетеді.

– Ой, кірпіжан, істікті қайтесің? – дейді ол даусын жарқын шығарып. – От бабында екен. Шоқтанып тұр. Аздап қазып жібер де, мені арасына көме сал. Сонда кереметтей болып пісіп шығамын.

– Піскеніңді қалай білемін? – дейді кірпі.

– Бірден алма. Әйтпесе піспей қаламын. Ұзаққа да қалдырма. Күйіп кетемін. Есіңде болсын, шала піскен қоңыз дәмсіз болады. Ал күйіп кетсем, мүлде жеуге жарамаймын, – дейді қоңыз.

Кірпі:

– Мақұл, – деп үйеме боп жатқан күлдің ортасын қазып, қоңызды көміп тастайды. Содан соң отыра қалып:

– Бір, екі, үш, төрт... – деп санай бастайды.

Мыңға дейін санайды.

«Әй, енді піскен шығар?! Жеп көрейін. Дәмді шығар өзі» деп ойлаған кірпі қоңызды күлдің арасынан суырып алады.

Қоңыздың күткені де осы болатын. Кірпі мыңға дейін санап отырғанда ол

күлдің арасындағы кесек көмірге әбден үйкеліп, қап-қара болып алған еді. Оның түрін көрген кірпі шошып кетеді.

– Әттеген-ай! Сені күйдіріп алдым ба? Неге сонша қап-қарасың? – дейді қоңызға таңырқай қарап.

– Күйдірдің. Күйгенде жай күймей, қара күйе болып бір-ақ күйдім. «Пістім, пістім! Тезірек ал» деп талай рет айттым ғой. Естімедің бе? – дейді қоңыз.

– Естімедім. Енді сені қалай жеймін? – дейді кірпі.

Оның қапаланып, жабырқап, күйінгені сондай, қарнының ашқанын мүлде ұмытып, тез арада орманға кетіп қалады.

Ал қоңыз болса, ақымақ кірпіні алдап соққанына мәз болып, ішегі түйілгенше күледі.

Содан бастап көмірдей қара қоңыздар пайда болыпты. Кірпілер оларға мүлде тимейді екен. «Күйіп кеткен, жеуге жарамайды» деп ойлайтын болу керек.

Орыс тілінен аударған Бағдат МӘЖИТОВ.

Суретін салған Ерлан Момбаев

191 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы