• БАЛДЫРҒАН
  • 20 Қараша, 2022

Бейбітшілік құсы

Марат ҚҰЛИБАЙҰЛЫ

Бір топ кептер дүкен алдындағы алаңқайға қонып, жерден дән теріп жеп жүр. Адамдарға үйренгендері сонша ішке кіріп-шыққандардан үркіп ұшатын емес. Қайта жейтін бірдеңе тастай ма дегендей, қолдарына үңіліп, мойындарын соза қарайды. Кейбірі тіпті алдарына түсіп зыр жүгіріп барады.
– О, кептерлер! – деді пойыздан түсіп, алаңға шыққан Ахмедияр.
Жыпырлаған көп құстың бірін ұстап алмақ болып тұра ұмтылды. Оған ұстата қояр кептер бар ма? Адам қолынан тамақтанып үйренген қала кептерлері оның бұл қылығын қызық көріп, тым-тырақай қашты. Бейне онымен қуаласпақ ойнап жүргендей. Бірін қуса, екіншісі жолын кесіп, бағытын өзгертіп, әбден сан соқтырды. Соңында қайсысын қуарын білмей тосылып қалды. 
– Данияр аға, келіп, кептер ұстауға көмектесші, – деді өзіне күле қарап тұрған ағасына.
– Олар саған неге керек... тиме. Жайларына жібер, – деді ағасы.
– Балабақшаға апарып ойнаймын.
Солай деген Ахмедияр кептерлерді қайта қуа жөнелді. Өздері бірінен-бірі өткен жүйрік екен. Бірін қуып жетіп, еңкейіп ұстай бергенде пыр етіп ұшып кетті. Мазақ еткендей екі-үш метр жерге барып қайта қонды. Бұл әрекетінен түк шықпасын байқаған бала көмекке ағасын тағы шақырды.
– Аға, келші... 
– Ахмедияр, тиме оларға. Кептерлер – бейбітшіліктің құсы. Киесі болады. Есіңде ме, саған 1 мамыр күніне «Ақ көгершін» деген өлең жаттатып едім ғой.
– Иә. Ол өлеңді әлі ұмытқан жоқпын. Айтып берейін бе? 
Ағасының жауабын күтпеген Ахмедияр әндете жөнелді: 
Ақ көгершін, көгершін,
Қолқанат құс сен едің.
Бар, кезіп қайт, ел үшін.
Кең дүниенің көлемін.
Әділеттің құсы деп,
Көз алмастан жолыңнан,
Ұшырамын қолымнан.
Ел тілегін алып ұш,
Адамзаттың бағына.
Қара бұлтты жарып ұш,
Мұхиттың арғы жағына.
– Бәрекелді! Менің балам өскенде әнші болады! Талабыңа нұр жаусын! – деді анадай жерде естіп тұрған анасы қолпаштай қол соғып.
Ахмедияр марқайып қалды. 
– Енді түсіндің бе, балам, көгершіндердің қандай құс екенін? – деді артынша анасы.
– Иә, анашым! Білдім. Олар бейбітшілік құсы екен!
– Ағаң сияқты мектепке барғанда құстардың табиғатқа қандай пайдасы бар екенін оқып, білетін боласың. 
Ахмедияр сонда барып құстарды қуғанын қойып, анасымен, ағасымен бірге анадай жерде тұрған әкесінің көлігіне қарай жүрді. Алыстап бара жатса да ол кептерлерге ерекше мейіріммен қарады.
– Сау болыңдар, көгершіндер! – деді сәлден соң артта қалып бара жатқан құстарға қайырылып. 
– Есен-аман тұрыңдар, бейбітшілік құстары, – деді анасы мен Данияр ағасы да қосарлана қол бұлғап.

Жуалы ауданы, 
Жамбыл облысы.

Суретін салған Ерлан Момбаев


 

174 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы