• Мерейтой
  • 20 Қараша, 2022

Ақын Ислам Шұғайыпұлының туғанына 90 жыл

Ислам ШҰҒАЙЫПҰЛЫ

Ақын Ислам Шұғайыпұлы есімі қазақ оқырмандарына сатирик ретінде жақсы танымал. Ол Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясында, Қазақстан жастар театрында әртіс, Қазақ радиосының «Кірпі» сықақ журналының бас редакторы болып қызмет істеген. Ақынның қаламынан туған туындылар юморға бай, күлкі шақырып тұрады. Оның «Самал», «Тұлпар», «Жаңылтпаштар», «Найза», «Қисық айна», «Естімеген елде көп», т.б. кітаптарын балалар да, ересек оқырмандар да жылы қабылдаған.
Ислам Шұғайыпұлының туғанына биыл 90 жыл толды. Ақынның мерейлі жасын атап өте отырып, оның балаларға арналған туындыларын өз оқырмандарына ұсындық.

ЖЫЛЫ ҚАР

Бар ма аяздың тістері?
Құлағымды тістеді.
Ысқыладым қарменен,
Жылынғандай бар денем.
Мұның қандай сыры бар,
Көріп пе едің жылы қар?
 

АҚ БОРАН

Ақ боран ышқынып,
Соқты жел ысқырып.
Ұдайы үш күндей
Тынбады үскірік.

Бүрісіп төбет те,
Тоңып тұр терек те.
Мен келдім күрекпен
Көкеме көмекке.

 

 

БІЛГІШ-АҚ

Барлық жерде білгіш-ақ,
Көрінгенге күлгіш-ақ.
Өтірік те соғады
Толарындай бір құшақ.

Қанша білгіш болса да:
«Мыңға дейін, кел, сана», –
Десең болды, сасады,
Құр күлкіге басады.

 

ЕРКЕБЕК

Еркем десең, бөседі,
Желдей гулеп еседі.
Шешінбестен, керексе,
Белден суды кешеді.

Болсын мейлі торт майлы,
Майлы торттан қорықпайды.
Кәмпиттерді «Ақ аю»,
«Ертегі» деп сорттайды.

– Бәрін алып бер,– дейді ол,
Әпермеске көнбейді ол.
Болсаң мықты, шыдамды,
Сатып алып бермей көр.

Жайына қап өзге асы,
Көл болады көз жасы.
Осы көзі болмаса,
Жаман емес өз басы.

 

326 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы