• Ертегілер
  • 20 Қараша, 2022

ОРЫНДАЛҒАН АРМАН (ертегі)

Баяғыда қазақ даласында жербауырсақ деген шөп өсіпті. Ол жусан деген шөптің барын естіп, онымен дос болғысы келеді. Бірақ тамырынан ажырай алмай, мұңаяды екен. Бірде жанынан зулап өтіп бара жатқан жел оның көңілсіз екенін байқап, тоқтап себебін сұрайды.

– О, жел! Сен неткен бақыттысың – қалаған жағыңа бара аласың! Біз, өсімдіктер, тамыр жайған жерімізден еш ұзай алмаймыз. Сорлымыз ғой, – дейді жербауырсақ.

– Бұл барлық өсімдікке тән жағдай ғой. Соған бола сен неге көңіліңді түсіресің? – деп жұбатпақ болады жел оны.

– Сен жусан деген шөпті білесің бе? – деп сұрайды жербауырсақ артынша.

– Иә, білемін. Ол сондай хош иісті шөп. Қазақтар оны жақсы көреді. Одан дәрі, бояу жасайды.

– Менің жусанмен көрші болғым келеді. Жатсам-тұрсам соны армандаймын. Соған көңілсізбін.

 Жербауырсаққа көмектескісі келген жел ойланып қалады.

– О, таптым! – дейді ол сәлден соң қуанып. – Қазір күз мезгілі ғой. Мен сенің бір тал дәніңді жусан өсетін жаққа ұшырып апарайын. Келер жылы сол маңда көктейтін болады!

– Жел, досым, сенің бұл ұсынысың керемет екен. Мен жусанға бара алмасам да, ұрпағым баратын болады! – дейді желбауырсақ қатты қуанып.

Сөйтіп, жел жербауырсақтың дәнін ұшырып, жусан арасына апарады. Жерге түскен тұқым топыраққа еніп, келесі жылы көктемде тамырланып, өсе бастайды. Қалың жусанның ішінде өскен кішкентай жербауырсақ өзін сондай бақытты сезінеді.

Жылда күз келген сайын өсімдіктердің жапырағы қурап, дәндерін жел ұшырып әкетеді емес пе. Бірде әуелей көтерілген бір жартылай солған жапырақ баяғы көңілсіз жербауырсақтың қасына келіп түседі. Жапырақтан хош иіс тарап тұрады. Желбауырсақ оны құмарлана иіскеп-иіскеп алып:

– Сен жусанның жапырағы емессің бе? – деп сұрайды.

– Жоқ, мен жербауырсақтың жапырағымын, – дейді жапырақ.

Бұған таңғалған жербауырсақ:

– Онда қалай сенің денеңнен жусанның хош иіс шығып тұр? – дейді.

– Мен жусандардың арасында өсіп, көп жыл көрші болдым. Үстімнен жусан иісінің аңқитыны содан болу керек, – дейді жапырақ.

Жербауырсақ өткен жылы желмен араларында болған әңгімені еске алады. «Е, сонда алып кеткен менің дәнім жусандар арасына жеткен екен ғой! Жел сөзінде тұрыпты. Менің арманым орындалды» дейді ішінен күбірлеп.

Суретін салған Ерлан Момбаев

352 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы