• БАЛДЫРҒАН
  • 20 Қараша, 2022

АМАНАТ

Дүйсен Мағлұмов 

– Ал, балалар, тынышталыңдар, қазақ тілі сабағын бастаймыз, – деді Гүлжан апай үстелінде жинаулы тұрған дәптерлерді қолына алып.

Балалар тыныштала қалды. Оқушыларын көзімен бір шолып шыққан апай:

– Балалар, өткен аптада жазған диктанттарыңды тексеріп шықтым. Тиісті бағаларыңды қойдым. Қазір дәптерлеріңді таратып беремін. Үйде ата-ананың көмегімен қателеріңмен жұмыс істеңдер. Ал, Иман саған ерекше тапсырма. Алмастың дәптерін саған беремін. Үйіне апарып бер. Бізден сәлем айт. Тез сауығып кетсін. Менің тапсырмамды жақсылап түсіндір, – деді.

– Жарайды, апай! Сабақтан шыға салып бірінші Алмастың үйіне соғамын, – деді Иман орнынан тұрып.

 

***

Алмастың сабаққа келмегеніне бүгін үшінші күн. Сенбі күні мал қораны жаңалап жатқан әкесіне көмектесіп жүріп, байқамай тақтайдан ұшы шығып жатқан шегені басып кетіпті. Шеге май табанына оңдырмай кіріпті. Ертесі күні аяғы ісіп кеткен соң, әкесі ауданға дәрігерге апарыпты. Дәрігер жарақатын тазалап, ем-дом жасап, біразға дейін жүруге тыйым салған екен...

 

***

Сабақ аяқтала салысымен апайға берген уәдесі бойынша Иман бірден Алмастың үйіне келген. Бірақ ол үйде ешкім болмай шықты. Сірә, Алмастың жарақатын қайта таңдыруға дәрігерге кетсе керек. Иман: «Біраздан соң тағы бір келермін» деп үйіне қайтып кетті.

Кешкі тамақтан соң Иман ертеңгі сабаққа дайындалуға отырды. Сөмкесінен кітаптарын шығарып жатып Алмастың дәптеріне көзі түсті. «Қап, ұмытып кетіппін ғой. Не істесем екен? Бүгін бермесем болмайды. Ертең апай сұрайды ғой». Иманның ойы он саққа жүгірді. Таңертең берсем деп ойлады. Бірақ апай Алмасқа қазір телефон соғып, тапсырманы сұрап қалуы мүмкін. Иман жүгіріп барып терезені ашып қарады. Дала қап-қараңғы екен.

Осы кезде немересінің бір нәрсеге алаңдап тұрғанын байқап қалған Ислам ата:

– Иманжан, неғып мазасызданып кеттің. Бір нәрсеңді жоғалттың ба? – деді.

– Жоқ, ата! – Жауап сөзін күмілжіп бастаған Иман атасына болған жайды бастан аяқ айтып берді.

– Балам, апайың саған үлкен аманат жүктеген екен. Аманатқа тапсырылған істі уақытында орындаған жөн. Досыңның дәптерін қазір апарып бер, – деді атасы.

– Кешке қарай олар иттерін босатып жібереді. Содан қорқып тұрмын, – деді Иман шынын айтып.

– Ә, солай ма? Мен қазір Алмастың әкесіне телефон шалайын. Иттерін байлап, сені көшеден күтіп алсын, – деді Ислам ата телефонына қол созып...

...Иман Алмастың үйінен тез оралды. Арқасынан ауыр жүк түскендей көңілді. Оның келуін күтіп отырған атасы:

– Иманжан, кел менің қасыма отыр. Бес минут уақытыңды алайын. Сабағыңды оқуға сонан соң да үлгересің, – деді.

– Жарайды, ата! – Иман атасының сол жағына келіп жайғасты.

– Ал, онда жақсылап тыңдап, көкейіңе түйіп ал. Мен жаңа саған «аманат» деген сөз айттым ғой. Енді сол сөздің мағынасын түсіндіріп берейін. Аманат – араб сөзі. Оның мағынасы өте кең. Соның бірі – өзіңе біреудің сеніп тапсырған ісін мұқият, ықыласпен орындау. Сондай-ақ, саған біреу бір жерге апарып беру немесе сақтай тұру үшін бір затын сеніп тапсырады. Шариғат заңы бойынша сол затты бүлдірмей, жоғалтпай апарып беру, сақтап қойып дер кезінде иесіне қайтару парыз. Бұл туралы Құран Кәрімде, Мұхаммед пайғамбардың хадистерінде де айтылады. «Екіжүзді адамның үш белгісі бар: сөйлегенде өтірік айтады, уәде берсе орындамайды, аманатқа қиянат жасайды», «Істі лайық болмаған адамға тапсыру – аманатты жоғалту» деген  хадистерде терең мағына жатыр.

Мұсылман ретінде қазақ халқы да аманат ұғымына көп көңіл бөледі. Оның шарттарын мұқият орындайды. Содан да болар, бабаларымыздан «Аманатқа қиянат жасауға болмайды», «Орындалмаған аманат – ерге тағылған жаман ат» деген қанатты сөздер қалған.

Ислам ілімінде аманатқа қатысты бұдан басқа да іс-әрекеттер баршылық. Оның бәрін мен саған кейін біртіндеп айтып беремін. Сенің бүгінгі атқарған ісің – апайыңның аманатын орындағаның. Аманатты орындау – адам бойындағы жақсы қасиет. Оның имандылығы да осы сипатымен бағаланады, балам. Ендеше, ешқашан ешкімнің аманатына қиянат жасаушы болма! Осыны өмір бойы есіңде сақта, жарай ма?! – деді қажы ата әңгімесін аяқтап.

136 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы