• БАЛДЫРҒАН
  • 20 Қараша, 2022

112. БАЙҒЫЗ

Байғыз – жапалақтәрізділер отрядына, оның ішінде нақтылы жапалақ тұқымдасына жататын құс. Әлемде байғыздардың 6-7 түрі бар. Олар Орталық және Оңтүстік Еуропада, Америка мен Африканың солтүстігінде, Иранда, Азия мен Ресейде өмір сүреді. Ал біздің Қазақстанның  солтүстігі  мен солтүстік-шығысынан басқа жерлердің бәрінде мекендейді.Үстіртте, Маңғыстауда, Арал, Балқаш жағалауында, Қаратауда, Алтайда жиі кездеседі.

Байғыздар азайып бара жатуына байланысты бірнеше елдің, соның ішінде Ресейдің Қызыл кітабына енгізілген.

Елімізде кәдімгі байғыздан басқа орман байғызы және байғызша деген түрлері бар.

Байғыз қоразының қанатының ұзындығы – 153 – 172 мм, салмағы 154 – 157 грамдай болады. Ал мекиенінің денесі ірілеу, қанатының ұзындығы 157 – 175 мм, салмағы 195 – 260 грамға дейін жетеді.

Арқасы қоңыр теңбілді, бауыры ақшыл тарғыл, тұмсығы сүйір, имекті келеді. Жарқабақтардағы індер мен жартастағы үңгірлерге ұя жасап, оған 4 – 6 ақ жұмыртқа салады. Оны мекиені бір айға жуық басады, балапандарын 35 – 40 күнде ұядан ұшырады.

Байғыз – отырықшы құс. Олар майда кеміргіштермен, торғай тәрізді ұсақ құстармен, зиянды ұсақ жәндіктермен қоректеніп, ауыл шаруашылығына пайда келтіреді.

Алайда қазақ халқының дәстүрлі ұғымында байғыздың шақыруы жаман ырымға баланған. Оны ажалдың хабаршысы деген. Шынымен-ақ, байғыздың даусы ащы, жағымсыз. Түн жамылып үйлерге жақын жердегі ағашқа, бағанаға қонақтайды. Түнімен сұңқылдап, төңіректің тынышын бұзады. Бұл жайында көнеден келе жатқан аңыз көп. Соның бірі төмендегідей.

Бұрын бір елде дәулетті өмір сүрген отбасы болыпты. Олардың жалғыз қызы өзімшіл, арам ниетті, жақсылық істеп көрмеген, дүниеқұмар болған деседі. Оның мұндай озбырлығына төзбеген халық оны шөл далаға апарып, жалғыз қалдырған екен. Ал қыз болса су іздеуге ерініп, құмның үстінде қорқынышты бейнедегі құсқа айналған. Бұл құсты халық байғыз атапты. Оның сұңқылдаған дауысын қыздың жылаған зарына теңеген. «Бай қыз», «байқұс» дегеннен «байғыз» деп айтылып кетсе керек.

ҚЫЗЫҚ ДЕРЕК

 

Байғыздың басқа жапалақ тектес құстардан айырмашылығы оның басында құлақ сияқты шошайып тұратын қауырсындары жоқ.

Байғыздың көзі жан-жағына көп бұрылмайды. Бірақ ол айналасын мойнын 270 градусқа бұру арқылы көре алады.

Байғыздың көзі түнде өте жақсы көреді. Сондықтан болар ол аңшылыққа тек түнде ғана шығады.

Байғыздың басқа құстардан тағы бір айырмашылығы – ол қыстық азығын алдын ала дайындап алады екен.

416 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы