• Мерейтой
  • 30 Қыркүйек, 2022

КҮЗГІ БАҚ

Арасанбай ЕСТЕН

БҮЛДІРГЕН

Атамызға ере біз,
Тау қызығын көреміз.
Шалғынында асыр сап,
Бүлдіргенін тереміз.

Нарттай қызыл әрі бар,
Тіл үйірер дәмі – бал.
Жанға дәру тосабы
Бүлдіргенді танып ал.

 

БАҚТАҒЫ ЖИЫН-ТЕРІН

Жеміс пісті бағымда,

Күннің қызу табында.

Жинасамыз әкеме

Балбыраған бабында.

 

Қызылы бар, сарысы

Алау атқан бақ іші.

Арамызда басталды

Жиын-терін жарысы.

 

Алма, алмұрт, алшада,

Дәрумен бар қаншама.

Шырыны мен тосабы

Мың да бір ем баршаға.

 

КҮЗГІ БАҚ

Сап-сары ала атырап,

Қойғандай-ақ алтындап.

Қалықтайды жапырақ

Күн көзімен жалтылдап.

 

Жиған түстің қандайын

Біздің күзгі бақ қандай!?.

Жапырақтан тал-қайың

Шашу шашып жатқандай.

 

ДӘНГЕ ТОЛАР ҚОЙМАЛАР

Алтындатып  түз, белді,

Тамыз келді, күз келді.

Сары дала төсінде

Комбайндар жүзді  енді.

 

Жомарт сарша тамызда,

Масақ қалмай аңызда,

Дәнге толып қоймалар,

Сабан тойы тойланар.

 

Тау-тау болып үйілген,

Астыққа көз сүйінген.

Тоқтамайды күндіз-түн

Элеватор, диірмен.

 

ҚЫРДАҒЫ  ҚАРАША

Желегі жоқ жайқалар,

Ағаш біткен сұрланып,

Қыстың демі байқалар

Қабақ ашпай қырда бұлт.

 

Өршелене, өшіге

Ызбарланды ауа тым.

Бүгін дала төсіне

Түрі бар қар жауатын.

 

Алаңдаса аналар,          

Отын-суын уайымдап,

Қуанып жүр балалар,

Шаналарын  дайындап.

 

ҚАЗАН АЙЫ

Сұр бұлттар жиілеп аспанда,

Көркінен айрылды жас тал да.

Бұл айды ұқсаттық бәріміз

Көңілсіз, жылауық Тастанға.

 

Төкпелеп ызғарлы нөсері,

Лайсаң сел қылды көшені.

Амалсыз бөлмеге қамалып,

Сағындық күндерді кешегі.

 

БҰЛТТАР

Ақпын, сұрмын, қарамын,

Еркесімін даланың.

Жел тиіссе, жасымды

Төгіп-төгіп аламын.

 

Ақпын, бозғылт, қарамын,

Қазбауырмын, аламын.

Шөліркеген бауларды

Суарып бір аламын.

 

Ақпын, сұрмын, қарамын,

Баурап аспан алабын,

Диқандарға септесіп,

Жайқалтамын танабын.

 

ЖАҢБЫРЛЫ КҮН

Жаңбыр жауар себелеп,

Гүлдер қағар дегелек.

Тысыр-тысыр дамылсыз,

Тамшы, саған не керек?..

 

Тамбай тысыр-тысыр,

Бұлтты ары ысыр.

 

Қыңсылайды күшігім,

Мияулайды мысығым,

Батпақты күн ойынның

Қандыра  алмай құшырын.

 

Аф-аф, мияу-мияу!

Күн ашылмай тұр-ау! 

Суретін салған Ерлан Момбаев

 

410 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы