• Әңгіме
  • 29 Қыркүйек, 2022

Айтыс (Әңгіме)

Қуандық ТҮМЕНБАЙ

Ханифа балабақшаның ересектер тобында жүріп айтысқа қатысты. «Е-е-е-ей!» деп бастап, кішкентай Айнұр Тұрсынбаева болып сызылтып әуенге салды. Тәуелсіздік мерекесінің мән-жайын төрт шумақпен тәптіштеп ашып берді. Қарсыласы – осы топтың баласы – Ермек. Ол домбыраны қағып-қағып жіберіп, тәуелсіздікке әрең жеткенімізді айтты. «Хайлайлым, хайлым, хайлайлым» деп Балғынбек Имашев боп жауап берді. Екеуі де сөздерінен жаңылмады. Бірінен кейін бірі мүдірместен айтты. Сәукеле киіп, үкі таққан Ханифа анда-санда ағаш тостағандағы қымыздан ұрттап-ұрттап қояды, Ермек болса қымыздан дәм татпады.
Нәтижеде екеуі бірдей ұпай алып, тең түсті. Екеуін де апайлары Құрмет қағазымен марапаттады. Зал толы үлкен-кіші көрермен сол жерді қол шапалақпен көмкерді. Мұғалімдер болса, айтыстың сәтті өткеніне мәз боп жүр. Ханифа бойын мақтаныш кернеп, айтыстың видеосын бірден атасының қалта телефонына салып жіберді.
Ертеңіне атасы өзі келді.
– Қалай айтысқаныңды көрдім. Қарсылас баланы сөзбен тұқыртып тастадың ғой, – деді атасы маңдайынан иіскеп.
– Жоқ, ата, біз тең түстік. Апай «екеуің тең түсесіңдер» деп алдын-ала  айтып қойған.
– Қымыз  тәтті ме  екен? Қайта-қайта ұрттап отырдың. Ана бала бір рет те ернін тигізбеді. 
– Ата, ол өтірік қымыз. Тостаған бос. Апай осылай ұрттап отырасыңдар деген. 
– Е-е-е, жан-жақты баулыған екен де.
Ертеңіне атасы тәрбиешімен сөйлесуге балабақшаға кетіп бара жатты...

Суретін салған Ерлан Момбаев

187 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы