• Жарайсың
  • 29 Қыркүйек, 2022

БІЛІМ АЛУ – МІНДЕТІҢ

Дүйсен Мағлұмов 

Бүгін Ислам атаның үйінде ерекше күн. Үй-ішінің бәрі ерте тұрып алған. Үлкен қарбалас үстінде. Иә, оның өзіндік үлкен себебі бар. Бүгін – 1 қыркүйек. Білім күні. Әрине, мұндай күні әрбір үйде осындай қарбалас болатыны сөзсіз. Ал Ислам атаның үйіндегі жағдайдың жөні бөлек. Қажы атаның Иманнан кейінгі немересі Фатима бүгін мектеп табалдырығын аттамақ. Бәрі соған қуанулы. Төртінші сыныпқа баратын Иман қобалжып отырған қарындасына қарап жымиып қояды. Осы кезде сырттан кірген атасы:

– Алғашқы қоңырау рәсімі сағат 10-да ма еді? – деді Айша әжеге қарап.

– Иә, сағат онда. Биылғы алғашқы қоңырауды біздің Фатижан соғады екен. Соған шәйімізді тезірек ішіп, ертерек барайық, – деді әжей.

– Онда, қане, дастарқанға отырайық, – деген ата төрдегі өз орнына барып жайғасты. Үстел басына төрт көздері түгел  жиналған соң, ата дастарқан батасын жасады. Бата соңында Фатимаға жақсы сөздермен ақ жол тіледі.

Арада сәл бір орнай қалған тыныштықты Иман бұзды:

– Ата, Фатиға қараңызшы, мектепке баруға қорқып отыр, – деді күндегідей емес, монтиып отырған қарындасына қарап.

– Сен өйтіп айтпа, Иманжан. Фатижан мектепке баруға неге қорқады?! Әріптің бәрін жақсы біледі. Жазады. Сөйлем құрап оқи алады. Көрерсің әлі, менің қызым ең үздік оқушы болады, – деді атай «тыныш отыр» дегендей Иманға қабағын шыта қарап.

Фатима балабақшаға барған жоқ еді. Содан болар, мінезі тұйықтау. Көпшілікке көп үйрене қоймаған. Тілі шығып, жүре бастағаннан атасы мен әжесінің жанында. Олар оған әріптер мен сандарды үйретті. Окуды да біршама меңгертті.

Атасының сөзінен кейін Фатима көңілденіп, бойын тіктеп, тамағын жей бастады. Осы сәтті пайдаланған Ислам ата:

– Иман, саған айтсам деп жүрген әңгіменің сәті келген сияқты. Сен жақсылап ұғып ал. Мектеп пен білім – қорқатын нәрсе емес. Екеуі де қастерлі, қасиетті нәрселер. Біздің ата-бабаларымыз білімнің қадірін өте жақсы білген. Оған солардан қалған көптеген өсиет сөздер мен мақал-мәтелдер дәлел. Мысалы, «Ақыл – тозбайтын тон, Білім – таусылмайтын кен», «Оқусыз білім жоқ, Білімсіз күнің жоқ», «Оқу – білім бұлағы, Білім – өмір шырағы» деген мақалдарда мол ғибрат бар. Ал, «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттермен озады», – деген ұлы Абайдың сөзінде қаншама мән-маңыз жатыр.  Оқу, білім туралы айтқанда, біз мұсылман ретінде Ислам дінінің осы мәселеге қатты көңіл бөлгенін айтпай кете алмаймыз.  Ислам – білім алуды парыз деп санайтын дін. Дүниеде білім мен ғылымды парыз санайтын исламнан басқа дін кемде-кем. Демек, Ислам діні білімді қажет санап, барша мұсылмандарды ілім алуға үндейді. Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Білім алу – әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз», –десе, тағы бір хадисінде: «Тал бесіктен жер бесікке дейін білім үйрен», – деп насихат айтқан. Қасиетті Құранның алғашқы түскен аяты білім алуға шақырды. «Иқра!» (Оқы!) деп басталған сөз «оқу мен жазуды игер» деген мағынаны береді.  Жалпы Құранда «білу» деген мағынаны беретін «илм» сөзінен туындаған 780 сөз кездеседі екен.

Білім – ақ пен қараны ажырататын, адам баласының көзін ашатын Алла Тағаланың адам баласына берген үлкен сыйы. Білім – ақыл мен парасаттың белгісі, балам. Жалпы, оқу, білім туралы айтылатын әңгіме өте көп. Оны мен өзіңе жүйе-жүйесімен айтып беретін боламын. Ал бүгінше осымен тоқталайын. Айтпақшы, ислам дінінде білім алушы мен оның ұстазына, ізденуіне көмектескен адамдарға үлкен құрмет көрсетіледі. Ендеше, Фатиманың сабағын енді сен қадағалап, сен көмектесетін боласың, – деп қажы ата әңгімесін аяқтады.

Арада бір сағат өткенде ауыл ортасындағы айналасын алуан түрлі жалаушалар, шарлар безендірілген мектеп ауласы балалардың күміс күлкісіне толды. Аспан шайдай ашық болып, көктен күн де күлімдеп тұрды. 11-сыныптың бір үздік оқушысы Фатиманы иығына отырғызып, жез қоңырауды сыңғырлатқан күйі мектеп ауласын екі айналып шықты. Білім күні мерекесі тамаша болып өтті. Ислам ата соңынан балаларға  ақ жол тілеп, батасын берді.

– Қажы ата, немереңіздің 1-сыныпқа баруымен, – деп құттықтаушылар да бір толастар емес.

– Рақмет, айналайындар! Бәрің бір аптадан соң болатын тілашар тойына келіңдер, – деп жатты ата да қуанышын елмен бөлісіп...

Суретін салған Ерлан Момбаев

163 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы