• Әңгіме
  • 30 Шілде, 2022

ШАЛҒЫШЫ

Марат ҚҰЛИБАЙҰЛЫ

Каникул кезінде Дидар ерте тұрып, атасына еріп шабындыққа барып жүр. Немересінің есейіп қалғанын атасы жұмысынан байқады. Тынығуға отырса, «мен шабамын» деп шалғысына жармасады. «Құлыным-ау, бұл шалғыға сенің шамаң жетпейді» дегенге көнетін бала кәне, өзінше талаптанып, әлектеніп жүр.  
Бүгін де келіп жармасып еді, ауыр шалғы жерге қадалып, икеміне келмеді. Күштеп тартып еді, сабына шөп оралып, жібермеді. Митыңдап намысқа тырысып бақты. Бір кезде шалғыны тастай салып, кері бұрылды. Маңынан ұшқан шегірткелер шыр-шыр етіп, «әлін білмеген әлек» деп, мазақтап бара жатқандай еді.  
– Демал, – деді атасы күліп. 
Дидар шабылған шөптің үстіне отыра кетті.
– Саған әкең ұстаған шалғыны тауып, саптап бермесем болмады, – деді атасы.
– Ата, әкем де шалғымен шөп шауып па еді? Кешке соны тауып, саптап беріңізші, – деді бала орнынан тұрып. 
Қария езу тартып, күліп қойды. 
Бір нәрсенің шеті шықса, соны қайталап айта беретін әдетіне басқан Дидар шабындықтан келгелі ызыңдап, ескі шалғыны іздеп әлек. Темір-терсек тұратын кішкене үйді сан рет ақтарып шықты. 
– Осы жерге қыстырған сияқты едім. Қайда кетіп қалды екен? – деп атасы да қарады. 
Бір кезде шатырға шықты. Не жоқ дейсің онда? Тең-тең болып қаптар жатыр. Темір-терсек, ыдыс-аяқ, інісі жатқан бесік, ағаш төсек, рет-ретімен қаттаулы тұр. Шаң басқан заттарды ары-бері аударыстырған соң:
– Жоқ, – деді тесіктен басын қылтитып.
– Тоқта, – деді атасы сатымен жайлап көтеріліп келе жатып. –Қасына келіп, жағалата қарағасын:
– Әне, – деді атасы төбені нұсқап. – Қазір алып түсем. 
Шалғыны әлдеқашан тот басып кетіпті. Атасы маймен сүртіп тазартты. Содан кейін төске салып, жақсылап шыңдады. Құрғақ ағаш саппен саптап, белдемшесін тартып берді. 
Дидардың қуанышында шек жоқ. Шөп шабатын құралын үйдегілердің бәріне көрсетіп, мақтанып шықты. Артынан аулаға алып шығып,  шарбақта қаулап өсіп кеткен шөпке салды. Атасыныкіндей емес, қылпып тұр. Шарбақтың ішін лезде орып тастады.  
Қызыққан інісі ұстағысы келіп:
– Қане, берші маған. Мен де орып көрейін, – деп қолына жармасып еді.
– Байқа, бір жеріңді ауыртып алма, – деді кісімсіп.
– Жеп-жеңіл екен, – деді інісі салмақтап көріп. 
– Ата, маған да біреуін жасап беріңізші. Сіздермен барып шөп шабайын. 
– Талабыңнан айналдым, құлыным, – деп атасы мейірленіп. – Құдай қаласа, шөпті сендер шабасыңдар әлі. Қазір күш-қуатым бар, әкелеріңе жәрдем болсын деп қыбырлап жүргенім ғой. Енді бір-екі жылда сендерді жұмсап, үйде шіреніп отыратын боламын. 
Дидар бүгін де ерте оянды. Оның оятары – атасының төске салып шалғы шыңдаған «шық-шық» дыбысы. Ертеңгі ұйқының есесін түсте қайтарады. Есек арбаны шабындыққа айдап баратын – атасы. Ал өзі қасқа тайды мініп, соңынан ілесіп отырады.
Дидар шөпке шалғы салды. Құлаштай сермеп, атасынан қалмауға тырысуда. Кешелі бері біршама үйреніп қалыпты. Аздап қары талғаны болмаса, машықтанып-ақ қалған екен. Қызыға шауып жатыр...

Суретін салған Ерлан Момбаев

298 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы