• Балаларға базарлық
  • 29 Шілде, 2022

Тазалықты ұнатам

Жарқырайды гүл Отан,
Жадырайды бұла таң.
Өзім аппақ болғасын 
Тазалықты ұнатам.

Жуып жүрем бетімді,
Тарап қоям кекілді.
Мен жинаған бөлме де
Құс ұясы секілді.

Ауа таза, ел таза,
Соғып өткен жел таза.
Толқыны көп көл таза,
Сен де таза, мен таза.

 

АЛҒА ҚАДАМ БАСАМЫН

 

Алға қадам басамын,
Биік таудан асамын.
Жақсылықты үйренем,
Жамандықтан қашамын.

Бір, екі, үш,
Керек екен күш!

Дұрыс менің қадамым,
Жалқаулықтан адамын.
Бойды тіктеп, шіренем,
Иіледі садағым.

Үш, екі, бір,
Досым, сен де тұр!

Алға басқан ұнады,
Жүректе ән тұнады.
Отаныма жетсе екен
Ұланының бұл әні.
Орыныңнан тұр,
Кәне, алға жүр!

 

БАСШЫ МЕНІ БАУЫРҒА!

 

Аппақ әжем, панашым,
Сенсің нағыз анашым.
Суық тисе, ауырып,
Кейде от боп жанасың.

Тірелткенде тығырық,
Бәйек болам жүгіріп.

Әжетайым, ауырма,
Басшы мені бауырға.
Жүйрік атқа мінгізем,
Сипай ұрып cауырға.

Бәрін жасап көрейін,
Дәріңді әкеп берейін.

Керексің ғой баршаға,
Жүгірем деп шаршама.
Аман жүрсін әжелер,
Жер бетінде қаншама!

Көтерші, әже, еңсені,
Жетелейін мен сені.

 

ӨСЕСІҢ

Көк шөп көрсең, кешесің,
Бәтіңкеңді шешесің.
Жалаңаяқ шөп бассаң,
Мықты болып өсесің.

Күн шуағын төсесін,
Көйлегіңді шешесің.
Күн көзіне көп күйсең,
Мықты болып өсесің.

Суды көрсең, кешесің,
Жібермейді ол есесін.
Суға құлаш сермесең,
Мықты болып өсесің.

 

ЖАЗ

Гүлге қонды көбелек,
Самғап ұшты дегелек.
Жұпар жаңбыр жауады,
Тамшылары себелеп.

Жазғы сұлу шақтарда
Барайықшы бақтарға.
Нарттай қызыл алмалар
Түскелі тұр қаптарға.

Жұпар жетті желменен,
Құм жылжыды шөлдеген.
Неткен сұлу өлкемде
Орман, тоғай, көл деген.
 

ШАБАНДОЗ

 

Әй, алақай, алақай,
Орныңнан тұр, балақай!
Мінгізем деп үстіне,
Сені күтті ала тай.

Қорқынышты жеңгенің –
Ақылыңа келгенің.
Атқа мінер азамат
Боларыңа сенгенің.

Балапансың кекілді,
Кетік тісің жетілді.
Мініп алған тайың да
Ерке бала секілді.

Алдыңда бар кең жазық,
Ұлт өнері елге азық.
Жайлап баста, шауып кет,
Жүріп қайтшы бел жазып.

Екі тентек зуласын,
Ел қарасын, шуласын.
Кім біледі тағы бір
Шабандоздың тумасын?!
 

422 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы