• Балаларға базарлық
  • 29 Шілде, 2022

Белгілі ақын, аудармашы Темірақын Жақыптың туғанына 70 жыл

Темірақын ЖАҚЫП

Әр жылдары газет-журнал редакцияларында аудармашы, жауапты хатшы, бас редактор болып, «Қазақстан» ұлттық телеарнасында аударма және дубляж бөлімінде қызмет атқарған Темірақын Жақып аталарың жазушы Болат Жандарбектің әйгілі «Сақтар» атты тарихи роман-дилогиясын, беларус жазушылары Василь Витка, Леонид Леванович, қырғыз жазушысы Аман Нааматов, молдаван жазушысы Ариадна Шаларь сияқты қаламгерлердің шығармаларын қазақ тіліне тәржімелеген. Ол – «Нарық натюрморттары», «У мен Дерт», «Жаншуақ» секілді жыр жинақтарының авторы. «Сорос-Қазақстан» Халықаралық Қоры жариялаған «Қазақ әдебиеті» – 2000» байқауының жеңімпазы. 
Темірақын аталарың балаларға арнап бірнеше кітапшалар жазып жариялады. Ақын мерейтойына орай оның бір топ өлеңін назарларыңа ұсынып отырмыз.

ТЕЛЕФОНДА

Тіл қатар деп, сірә, кім,
Телефонның «құлағын»,
Теріп ойша нөмірін,
Текке отырмай, бұрадым...

– Алло! Алло!
Бұл кім?– деп,
Кетті әлдекім күмбірлеп.
Телефонға «тіл бітті»,
Тұрып қалдым міңгірлеп...

 

КІМ БІЛСІН...

Оқуға да үлгерем,
Ойынға да үлгерем.
Төбем көкке тигендей
Көңілдімін күнде мен!

Дейтін дәйім: «Сылбырсың»,
Қайран қалып тұр Гүлсім.
Әжем келіп, жағдайым
«Жақсарғанын» кім білсін...

 

БҮРКІТ

Бүркіт айтты:
– Ұяға
Қанатты ұлдар сыя ма?
Самғайсыңдар өскен соң
Мен секілді
Қияда!

ЕШКІ

Жетіп келді бақшаға,
Жұрт шу етті:
– Масқара!..
– Не бетіңмен кеп тұрсың?
Көк шыбықты жеп тұрсың...

Ұялғансып тұрды да,
Мойнын кері бұрды да,
Кеткен кезде жұрт тарап
Бақшаға енді бұқпалап...

БАЛА ҚОРАЗ

Алтын түсті айдарлы
Бала қораз айбарлы
Таңды ән салып атырар,
Күнді аспанға шақырар!

ҚҰЛЫН

Досыммен көп ойнаймын,
Ойнаймын да ойлаймын:
– Ойнақтаған құлын да
Бала емес пе, шынында!

ҚАРА ҚОНЖЫҚ – ПАНДА

Қара қонжық панда да
Үйшік салды жап-жаңа.
Қабырғасын қарашы:
Кілең бамбук ағашы.
–Тәтті үй екен!– деп қойды,
Тең жартысын жеп қойды.
 

ЖОЛБАРЫС

Мысық екен деп қалма,
Қасына оның көп барма.
Қызыл теңбіл нән бір аң,
Шыға көрме алдынан!

ҚҰМЫРСҚА

Құмырсқаға үй керек,
Керек затын сүйрелеп,
Үй салуға кірісті.
Шеттерінен жұмысшы!

КӨБЕЛЕК

Алаңқайда не түрлі
Гүлдер өсіп жетілді.
Гүлге қонған көбелек
Өзі де гүл секілді.

ЖАЗ КЕЛДІ 

Жаз келді жадырап,
Жер жүзі жайнады. 
Жайқалып жапырақ,
Бақта құс сайрады.
Әмір ЕСІМБЕКОВ,  
№1 мектептің  
2 «А» сынып оқушысы.
Сарқан қаласы,
Алматы облысы.

ЖАЙЛАУДА

Жасыл жайлау төрінде
Тайға мініп жарыстық.
Бұлт көшкен көгінде
Құт өлкемен таныстық.
Нұргүл Бейсенбайқызы,
4-сынып оқушысы.
Сарман ауылы,
Ақжайық ауданы,  
Батыс Қазақстан облысы.

ДОСЫМ

Ойнаймыз да, күлеміз,
Әркез бірге жүреміз.
Тәп-тәтті біз балдаймыз,
Араздасып қалмаймыз.

Кәусар НҰРЛАН,
№147 гимназияның 
4 «Ә» сынып оқушысы.
Алматы қаласы.

АНА ТІЛІМ

Берген білім тереңін,
Сені жақсы көремін.
Анам тілі – өз тілім,
Тілге көңіл бөлемін.
Шахризат СЕЙТЖАНОВА, 
№10 орта мектептің  
4 «Г» сынып оқушысы.Ақтөбе қаласы.

 

 

303 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы