• Әңгіме
  • 29 Шілде, 2022

Гүл

Серік НҰҒЫМАН

Қалада тұратын ағайынды Еділ мен Еміл орталық саябаққа барды. Екеуі бірге жүріп демалыс орнын ұзақ аралады. Түрлі аң-құстарды көріп, солардың қылығын тамашалады. Бір кезде Емілдің қолынан үзілген гүл көрген Еділ:
– Әй, мынауың не? – деді қып-қызыл қауашаққа үрейлене көз тігіп.
– Гүл ғой? – деді Еміл соны да білмейсің бе дегендей інісіне сұраулы көзбен қарап.
– Гүл екенін білем. Қайдан алдың деп тұрмын мен саған.
– Жаңа гүл текшесінің жанынан өткенде жұлып алдым. Не, болмай ма?
– Сенше бола ма?
– Болатын шығар. Онда гүл деген толып тұр ғой...
– Гүл көп екен деп жұла берсең, не қалады онда?
– Мен сабағын жұлғам жоқ, қауашағын ғана үздім. Әрі бір тал. Соған бола...
– Үзуге болмайды оны. Бір емес, жарты талын да...
– Неге?
– Ол деген келгендер тамашалайтын көрікті зат. Адамдар ләззат алады. Әрі осында істейтін кісілердің еңбегінің жемісі. Оны қадірлеу керек. 
– Гүлді жұларда жан-жағыма қарадым ғой. Ешқандай ескерту жазылмаған.
– Жазылмаса, үзе бересің бе? Мектепте «Басқалардың затына рұқсатсыз тиісуге болмайды» дегенді айтпады ма апайың?
– Айтқан, – деді Еміл шамалы ойланған соң есіне бірдеңе түскендей. 
– Онда неге тиісесің?
– Білмеймін. Қатты қызығып кеттім. 
– Қызықсаң да тиісуге болмайды. Бұл деген бұзақылық болып есептеледі. Күзетшілер көріп қалса, айыппұл салады. Тез көзін құрт.
«Күзетші» дегенді естіген соң барып Еміл сасайын деді. Қолындағы шоқтай жанған қызыл гүлді қайда жасырарын білмей алақтады. Іле анадай жердегі арыққа апарып лақтырып жіберді. Артынан біреу көріп қойды ма дегендей жан-жағына сақтана қарады. Ешкім байқамаған секілді. Сосын жүгіре басып алыстай берді.
Бұл іс кешке үйлерінде де талқыға түсті. 
– Дұрыс болмаған, – деді апасы Емілге қарап басын шайқап. – Көптің мүлкіне зиян жеткізуге болмайды. Одан да жаманы, – деді сосын шамалы ойланып алып: – Ғалымдардың зерттеуінше, көзімен көрген жақсы, әдемі нәрсені өзімен бірге алып кететін немесе бүлдіріп кететін адам «өзімшіл» болып келеді екен. Демек, олар басқаларды ойламайды, не жақсы нәрсені басқалардан қызғанады, тек өзін ғана ойлайды. Сондықтан, балалар мұндай жаман әдеттен аулақ болуы керек... Білдің ғой, Еміл. Сен бүгін байқамай қалдың. Ал бұдан кейін қанша жақсы көріп тұрсаң да көркем, көпке тиесілі заттарға қол созушы болма.
Өз әрекетінің қандай мағынаны білдіретінін енді түсінген Еміл қылығына өкініп, іштей мұндай істі екінші қайта қайталамауға тас түйін бекіді.

Суретін салған Ерлан Момбаев

244 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы