• Әңгіме
  • 29 Шілде, 2022

Қарақшыдан қашқан «батырлар»

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ

Бес-алты күннен бері балаларда  маза жоқ. Үлкенді-кішілі ыдыстарын көтеріп, қозы көш жердегі дала жидегін теруге жүгіреді. 
– Ырғын шыққан екен... Жарты сағат өтпей-ақ  шелегіміз лық толды...
– Тосаптың астында қалатын болдық, – деген сөздер жиі естіледі.
Бүгін де үш дос – Мақсат, Тұрап, Жанат түс қайта жидек теруге келген. Күн  ыстық. Біресе еңкейіп, біресе тұрып тез қимылдаған олар терледі. Оның үстіне маса қалың. Денелерінің ашық жерін шағып  мазаларын алды. 
– Бүйтіп терген жидегі бар болсын, – деді Тұрап былай шыға бере.
– Үйден ұят! Құр қол қайтамыз ба, сонда? – Жанат Тұраптың сөзіне құлақ аспай жидек жинауды жалғастыра берген.
– Менің басыма бір ой келді. – Кітапты көп оқитын, қиялшыл Мақсат белін жаза тіктеліп достарына қарады.
– Қандай ой, – деді ұзын бойлы, қысық көз Тұрапты әуестік билеп.
– Ауыл шетіндегі Қайыркен атаның бақшасына түсейік. Кеше апама еріп барған кезде  көрдім. Не өспейді дейсің?! Бәрі бар! Қызыққаннан аузым ашылды, көзім тұнды. Қайыркен атаның кемпірі сараңдау кісі екен. Соншама мол жеміс-жидектің бір талынан да дәм татырмады бізге.  
– Ұрлық қой ол! Қайыркен ата далада ұйықтайды деп естігем.  
– Олай етпес!.. Түн салқын. Үлкен кісі далада ұйықтайды дегенге сену қиын. 
– Анығын білейік... Жалпы мен қарсы емеспін... Қап-қараңғы түн... Бас бағып бақшаға барамыз... Тойғанымызша дәмді шиеге, қарақат, қызылқатқа мелдектей тоямыз... Құдды  кинодағыдай...   
– Мақсат сен шынында қиялшыл екенсің! Әңгімең мені де елітті... Қызығып кеттім, – деді Тұрап досына қарап.
Үш дос ертеңінде түнгі жорыққа дайындалды...
Биік ағаш қоршаудан кезек-кезек секіріп түскен ұлдар демдерін іштерінен алып, бақша жаққа көз жіберген. Беті-жүздерін тұмшалап алыпты. Көздері ғана жылтырайды. Қолға түссе танымау үшін істеген амалдары. Балалар еңбектеп, межелі жерге мысық табандап ақырын жылжыды. Жемісі уылжыған мөп-мөлдір, күрең шие ағашына жеткен Мақсат бір-бірлеп үзіп жеп жатыр. Арттағы екеу де қарақат ағашына бас қойыпты. 
– Ойбай! – деді сорайған Тұрап бір кезде баж ете түсіп. – Әне-е, келіп қалды!.. 
– Қайда? 
Мақсат пен Жанат состиып-состиып  тұрып қалыпты.
– Әне-е?!. Оң жақтарыңа қарасаңдаршы?! 
Үрейі ұшқан ұлдар Тұрап айтқан жаққа көз тіккен. Ұзын бойлы біреу тұп-тура қарсы жүріп келеді. Сасқан  екеуі  алды арттарына қарамай зытып берді.
– Мен ше?! Мені қалдырмаңдар!.. 
Жайшылықта жайбасар Тұрапқа да жан керек екен. Қолындағы темір шелекті қаңғырлағанына қарамай лақтырып жіберген. Сол жақ бүйірден тағы бір сұлба қараң етті.  Екбетінен жата кетті. Аздан кейін басын көтерсе, жаңағы қара сұлба қозғалмайды. Қаққан қазықтай сол қалпы тік тұр. Бұны байқамаса керек! Еңбектеп қоршау ағаш шарбаққа жетті де  ары қарай домалап, асып түсті.

* * * 
Түнде үш дос көрген қара сұлбалар – Қайыркен атаның ұры-қарыны шошыту үшін бақшаның әр жеріне ағаштан жасап, киім кигізіп қойған адам пошымдас бейнелері болатын.
Балалар ертеңінде өздерінің  ағаттық жасағандарын біліп опынды.
– Аңқаумыз, – деді Тұрап тек тұрмай. – Оны білгенде жеміске армансыз тояр  едім... Е-еһ, су жүректер!.. Сендер ғой алды-арттарыңа қарамай тұра қашқан.
– Бәрібір, біздің бұл ісіміз дұрыс емес, – деді Мақсат ойланып.  
– Ұят болды,  – деді Жанат қызарып. – Керек десеңдер  бұл –  ұрлық!.. 
– Кінә менен!.. Кешіріңдер, – деді Мақсат өзінің теріс қылығын мойындап. – Бұдан былай мұндай арамдыққа аяқ баспайық.
Сендер, қалай ойлайсыңдар балалар?
Ұрлық жасаған дұрыс па?!.

Суретін салған Ерлан Момбаев

214 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы