• Мерейтой
  • 20 Шілде, 2022

Құрбан айт

Дүйсен Мағлұмов 

 

Жазғы демалысқа шыққалы бері Иманға үлкен жауапкершілік жүктелді. Демалыс басталғанына оншақты күн өткен кезде атасы:

– Ертең малдың бәрін алыс жайлауға айдаймыз. Қойдың ішінен  аяқ-басы бүтін, құлақтарына ен салынбаған үш еркек қой алып қалайық. Енді бір айдан кейін Құрбан айт келеді. Сонда біреуін өзіміз құрбандыққа шаламыз, екеуін сатып алатын адамдар бар. Соған дейін олардың жем-шөбін беріп, семірту сенің мойныңда, – деген Иманға сынай қарап.

Атасының өткенде Ораза айты кезіндегі тағлымды әңгімелері есіне түскен Иман бірден:

– Жарайды, ата! Айтқаныңыздың бәрін істеймін. Маған Алмас та көмектеседі, – деді қасында тұрған досына қарап. Алмас та «мақұл» дегендей басын изей берген.

– Бұларың дұрыс, балалар. Онда былай істейік. Қойларға беретін шөпті орып әкелу мен ертеңгі жем-шөбін беруді мен мойныма алайын. Түсте су беру мен кешкі жем-шөбін салуды сендер істеңдер. Қалған уақыт доптарыңды теуіп, ойындарыңды ойнағанға жетер. Осыған келісесіңдер ме? – деді Ислам ата екі досқа кезек қарап.

– Жетеді, келісеміз, ата, – екеуі қосамжарласып...

...Бір айдан астам уақыт зу етіп өте шықты. Қорадағы үш қой домаланып семірді. Иман мен Алмастың ісіне ата дән риза. Айтқа екі күн қалғанда ата:

– Ал, батырлар екі күннен соң Құрбан айт. Баққан қойларың жақсы семірді. Жарайсыңдар! Енді бүгіннен бастап оларға жем беруді тоқтатайық. Суды көбірек бере беріңдер. Ішін тазаласын, – деді.

Қажы атаның сынағынан сүрінбей өтіп,  жақсы баға алған екі дос мәз-мейрам.

Көптен күткен Құрбан айт та келіп жетті. Ислам ата баласы Жұма екеуі таңғы айт намазына мешітке барып келді. Үйге келген соң дайын тұрған дастарқан басына төрт көздері түгел жиналды. Қажы ата о дүниелік болған жандарға арнап құран оқыды, бата жасады. Ас ішіліп болған соң:

– Жұма, ана екі қойды сатып алған иелері қазір алып кетеді. Бір сағаттан соң біз де құрбан шалып, парызымызды орындайық. Бас-сирағы мен бір асым етін үйге қалдырып, басқасын таратып беріңдер, – деп, кімдерге не беру керектігін де айтып берді де: – Басын тез үйтіп, үйге қалдырған етті түгелдей қазанға салыңдар. Түске үйге біраз ақсақалдарды шақырып қойдым, – деді баласы мен келініне тапсырма беріп.

Сойылатын малға дұға оқылып, бата жасаған соң Ислам ата Иман мен Алмасқа:

– Сендер бері жүріңдер. Айтатын әңгімем бар. Құрбан айт туралы сендерге айтып берейін. Жақсылап ұғып алыңдар, – деп екеуін ертіп келіп, көлеңкедегі сәкіге жайғасты да әңгімесін бастап кетті:

– Құрбан айт   – мұсылмандардың ең қасиетті мерекесі. Ол  Ораза айттан кейін 70 күннен соң басталып, 3 күнге созылады.  Айт күндері  Аллаға арнап құрбандық шалады, мал сояды. Бұл – мұсылмандардың негізгі міндеті. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйе малын шалады. Басқа жануарлар қолданылмайды. Ауру, соқыр мал құрбандыққа шалынбайды. Мұсылмандар үшін Құрбан айттың бірінші күні маңызды болып саналады. Бұл күні мешіттерде айт намазы оқылады. Айттың бірінші күнінде адамдар бір-бірін құттықтап, бір-бірінің үйінен дәм татады. Бұл күні әр мұсылманның үйінде дастарқан жайылады. 

Құрбан айт күні ерте тұрып, жуынып, таза киім киіп, хош иісті әтір сеуіп, мешітке барып айт намазын  оқу, көшеде жолыққан адамдарға ашық жүзбен амандасу, мерекемен құттықтау да – мұсылман баласы үшін үлкен парыз.     

Құрбандық  деп  Құрбан айт күндерінде ғибадат ниетімен шалынатын малды айтады. Ал «құрбан» сөзі араб тілінде – «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Яғни, айт күндері құрбан шалу арқылы Алла Тағаланың разылығына жақындау деген мағынаны білдіреді. Құрбан айт мерекесінің тарихы мен шежіресі өте ерте заманнан келе жатқан тағлымды дүние. Оны бір-екі ауыз әңгімемен айтып тауыса алмайсың. Сондай-ақ, Құрбан айт пен құрбандық туралы қасиетті Құрандағы аяттарда да айтылады. Пайғамбарымыздың хадистерінен де осы жайлы тамаша дүниелерді оқуға болады. Сендер оның бәрін есейген соң өздерің оқып, өздерің-ақ көкейлеріңе түйіп, жандарыңа жақын ете жатарсыңдар. Ал, қазір жүріңдер, менімен бірге көршілердің үйіне кіріп, айттап шығайық, – деп әңгімесін аяқтаған қажы ата екі досты ертіп көшеге қарай бет алды.

Суретін салған Ерлан Момбаев

385 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы