• БАЛДЫРҒАН
  • 31 Наурыз, 2022

Тұсаукесер

Нұрғали ҚАДЫРБАЕВ

Айдар жақында бірге толады. Жақында ғана еңбектеп «шауып» жүрген ол жүруге талпына бастады. Бірте-бірте аласа столды жағалап, тәй-тәй басып жүре бастады. 

– Тәй-тәй, – деп оны жүргізуге әрекет жасаған атасының қуанышында шек  жоқ.

– Тұсауын кеселік,– деді әжесі. – Содан соң кібіртіктемей жүретін болады.

Айдар былтыр 22 наурызда дүниеге келген болатын.

Тұсаукесер рәсіміне орай атасы қошқар сойды.

– Айдардың тұсаукесер тойын Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі күні өткізейік, – деді атасы. – Той тойға ұлассын!

– Иә, осы үлкен мерекеде ел-жұрт қуанышымызға ортақ болсын, – деді әжесі де қуанышын жасыра алмай.

Тұсаукесер тойы қызықты өтті. Ағайын-туыс бір жасап қалды. Әсіресе, балалар қатты қуанды. Оларға көп-көп сыйлық таратылды.

– Үлкен азамат болсын! – деді ел ағаларының бірі.

– Өсіп-өнген әулеттің мерейін тасытсын! – деді туыстарының бірі.

– Айтқандарыңыз келсін! Әумин! – деді әжесі мен атасы жарыса.

Жерге ақ киіз төселді. Текемет үстіне Айдарды атасы қолына көтеріп әкелді. Үсті-басына шақтап, мақпал пүліш матадан тігілген костюмі мен шалбары өзіне құйып қойғандай екен.

Атасы қошқардың өрілген ішегін, орылған бір бума көк шөп пен ақ және қара жіптерден  ширатылған ала жіпті көпшілікке көрсетті.

– Қойдың ішегімен тұсауын кескеніміз – Айдардың өмірі тоқ болсын дегеніміз. Бір бума көк шөппен тұсауын кескеніміз – баламыздың өмірі көк шөптей жайнап, жайқалып өссін дегеніміз. Ала жіппен тұсауын кескеніміз –  перзентіміз  біреудің ала  жібін аттамай, адал ғұмыр кешсін дегеніміз, – деді.

Содан соң атасы Айдардың тұсауын кесу құрметін ауылдың белгілі азаматы, кәсіпкер, елге көмектесіп, жомарт жан атанып жүрген Нұрбек деген азаматқа берді. Ол кісі Айдардың екі аяғы тұсалған қошқардың ішегін, бір бума көк шөп пен ала арқанды бір-бірлеп кесіп, Айдарға тілек тіледі. Бата жасап:

Тәй-тәй басқан қадамың

Арманыңа нұр шашсын!

Тәй-тәй басқан адымың

Бақытыңа жол ашсын! – деп, тамаша тілек айтты.

Жиналған көпшілік беттерін сыйпап, «Әумин!» десті.

Ақ текемет үстінде Айдар аяқтарын тәй-тәй басып, ілгері жүріп бара жатты.

Суретін салған Ерлан Момбаев

1637 рет

көрсетілді

470

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы