• БАЛДЫРҒАН
  • 31 Наурыз, 2022

Белгілі балалар ақыны Ескен Елубаевтың туғанына 80 жыл

Ескен ЕЛУБАЕВ

Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін 1966 жылы тамамдап, қызметін «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде бастаған Ескен Елубаев аталарың бар ғұмырын балалар әдебиетінің өсіп-өркендеуіне арнады. Оның бүлдіршіндерге арнап жазған «Көк жейде», «Көкпар», «Баламысың деген», «Кемпірқосақ», «Алтындарым менің», «Ақыл тіс», «Болашақ»,  т.б. көптеген кітабы мен «Өжет» атты пьесалар жинағы жарық көрген. Балаларға арналған «Болатбек» пьесасы республикалық қуыршақ театрында қойылып, жеке күйтабақ ретінде шығарылды.Оның шығармасының желісімен балаларға арналған көркем фильм де түсірілді.
«Балдырған» журналында қызмет істеген Ескен аталарың өмірінің соңғы күндеріне дейін кішкентай оқырмандардан қол үзген жоқ. Өздеріңді ақынның 80 жылдық мерейтойына орай сүйікті қаламгерлеріңнің бір топ туындысымен қауыштырып отырмыз.

 

Батыр

«Қорқақ екен өзге, – деп, –

Осыдан да қаша ма?

«Жаңбыр деген сөз бе?» – деп,

Тығылмады ол тасаға.

 

Су-су қылып киімін,

Өте шықты нөсер де.

Мойнына су құйылып,

Бүрсеңдеп жүр көшеде.

 

Сол күні біз кешкілік,

Күліп едік «батыр!» – деп,

Ертесіне естідік:

– Суық тиіп жатыр, – деп.

 

Кім қорқақ, кім айбатты?

Шығып алып інінен,

Ұйқы бермес түнімен,

Тышқан түнде жортады,

Ол мысықтан қорқады.

 

Ең күшті де қайратты,

Тарғыл мысық айбатты.

 

Күншуақтап жататын,

Тәтті ұйқыға бататын

Мысық

Иттен тайсақтап,

Шетте жүрер жан сақтап.

 

Ең күшті де қайратты,

Қабаған ит айбатты.

 

Кеміріп боп сүйегін,

«Әуп, әуп» етіп үреді.

Арлан ит те

Қасқырдан

Айбынып-ақ жүреді.

 

Ең күшті де қайратты,

Көкжал қасқыр айбатты.

 

Қасқыр түнде қаңғиды,

Қой, қозыны аңдиды.

Азық іздер жапаннан,

Қасқыр қорқар папамнан.

 

Ең қайратты, білекті,

Папам менің жүректі.

 

Папама үй ішінде

Жөн-жосықсыз ісіне

Мамам  ұрсып тастайды,

Папам аузын ашпайды.

 

Ең жүректі, қайратты,

Мамам менің айбатты.

 

Мамамды өзім ақыры

Санап тұр ем «батыр» деп,

Қоя берді ол бақырып:

«Тышқан келе жатыр»,– деп.

 

Қолындағы кесе де

Ұшып түсті быт-шыт боп.

Бір-ақ қарғып төсекке

Шығып кетті ыршып кеп.

 

Сонда батыр кім десең,

Мен айтайын білмесең:

Батыр емес мамам да,

Батыр емес папам да.

 

Ең батыр да қайратты,

Тышқан екен айбатты.

 

Асар

(Жұмбақ-ертегі)

Аю,

Қоян,

Тиінді

Шақырды да асарға,

Көршілері жиылды,

Әтеш күрке жасарда.

 

Аю сүйреп арбаны,

Тіке тартты орманға.

Итерісті қалғаны

Ағаш тартып болғанда.

 

Аю ағаш бұтады,

Қолына алып балтасын.

Әтеш кесіп жатады,

Тиін аршып жаңқасын.

 

Қолының бар икемі

Қоян қазды топырақ.

Жабу үшін күркені

Терді Тиін жапырақ.

 

Аю қалап жатқанда,

Тиін тұрды шегелеп.

Әтеш үстін жапқанда,

Сылар Қоян-епелек.

 

Төртеуі еңбек етті де,

Өстіп кешті батырды.

Күркелері бітті де,

Әтеш асқа шақырды.

Дастарқаны бай екен,

Әтеш көрші жарайды.

Бал,

Дән,

Жаңғақ бар екен,

Сәбіздің тұр талайы.

 

– Шақырғанда асарға

Кергілеспей келдіңдер.

Көрші осындай қашанда,

Қол ұшын да бердіңдер.

 

Қосылғанда бастарың,

Құр кетпеңдер ашқарын.

Алдарыңа тосқаным –

Ең сүйікті астарың.

 

Аю, же де,

Жалай бер,

Қоян, кемір отырып.

Тиін, сен де шаға бер,

Ал мен өзім шоқиын.

 

Сендер – жолдас дегенім, –

Деді Әтеш,–

Алыңдар.

Кімнің нені жегенін

Енді өздерің табыңдар.

 

Жолатпайды  жанына

Күрік болып сұр тауық,
Басып шықты балапан.
Көріп қалам бірауық
Оларды мен даладан.

Балапандар үлпілдек,
Бұлтың-бұлтың жүгірген.
Ұстап алып біртіндеп,
Сипарма едім түгінен.

Қанша екен –
Санаймын,
Санаймын да жаңылам.
Алыс тұрып қараймын,
Жүре алмаймын маңынан.

Сипар едім мамығын,
Ұстап тұрып қолыма.
Бірақ күрік тауығың
Жолатпайды жанына.

 

Жақсы көрсең апаңды

Кейде сұрай қаласың,
Балалардан білгің кеп:
– Жақсы көрер анасын
Қайсы бала,
Ол кім? – деп.

Тыңдар болсаң өздері:
«Менмін ғой», – деп айтады.
Ісі менен сөздері
Қиыспай-ақ  жатады.

Өзім айтсам, білемін,
Асан деймін біреуі,
Өйткені оны үнемі
Халық мақтап жүреді.

Жақсы көрген ананы
Бала болар Асандай.
Күнде «бестік» алады,
Оқуынан бас алмай.

Ұстазынан анасы
Күнде мақтау естір көп.
Жақсы көрген апасын
Бала, міне, өстір деп.

Жақсы көрсең, айтайын:
Сөгіс естіп тұрмасын,
Сен туралы әрдайым
Апаң мақтау тыңдасын.

Суретін салған Наталья Ященко

1822 рет

көрсетілді

481

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы