• Балаларға базарлық
  • 31 Наурыз, 2022

ҚУЫРШАҚТАР

Нұрлан ҚҰМАР

Көктемгі демалыстың кезі болатын. Далада күн жылы. Ұйқысы қанған құрбы қыздар  бүгін де аула ішінде бас қосты. Әселдің қолындағы қуыршақ барлық жанарларды бірден тартып  әкетті.

– Қандай әдемі! Шаштары тура біздікіндей екен. – Айдана өзінің шашын тартып көрсетті.   

– Басқа қуыршақтарым сөреде тұр. Тастауға апам рұқсат бермеді.

Әселдің мақтанына Нұржамал мұрнын тыржитты. Өйткені, мектепте онымен достасқан емес еді. Бірақ, өзгелер оған үйірсек екен. Сірә, ойыншығы көп болғандықтан шығар. 

– Күнде осы «Апельсин» ауласында ойнайтын болайық. Үйден де алыс емес. Бәлкім, ертең фарфор қуыршақтарымды әкеліп қалармын. Атақты маркадағы «Джорджтаун», «Эштен-Дрейка», «Мистер Александр» деген муклаларымды көрерсіңдер сонда. 

– Ай-ай, Әсел! Шатаспа! Мукла деп нені айтып тұрсың? –  Айдана сықылықтап күлкіге басты.

– Жылтыраған Барбиден басқа білерің бар ма сенің? Жапонияда жас-өспірімдердің ойыншық бейнесі баяғыдан бері жасалып келеді. Арнайы қорапта құндақталып, дүниежүзінің дүкендерінде сатылуда. «Мукла» деген кәдімгі қуыршақтардан үлкен. Бозбала, бойжеткендер, ересектердің образы олар.

– Әсел, муклаң болса, ертең көрсетесің бе? Менде қытайлық резеңке ойыншықтар жеткілікті. Бірақ сұп-суық, тартымсыз. Шіркін, Қазақстанда да қуыршақ жасайтын фабрика болса ғой. Ертегілердегі батырлардың бейнесі ойыншық болып жасалса! 

– Мен сендерге Барби қуыршағының тарихын айтып берейін бе? – деді Әсел маңғазданып. Осы кезде доп лақтырып, жіптен секіріп жатқан екі-үш қыз бұлардың қасына келіп, ортаны толтырды.

– 1958 жылы Рут пен Элиот Хендлер отбасы бір қуыршақты ойлап табады – деді Әсел сөзін жалғап. – Оның алғашқы прототипі голливуд актрисасы Джейн Мэнсфилд деген болады. Қуыршаққа «Барбара» деп өздерінің қыздарының есімін қойыпты. Артынша ақ шашты сүйкімді қыз Барби аталып, саудаға түседі. Кейінірек Вивьен Ли, Элизабет Тейлор, Шер, Диана, Бритни Спирс, Кайли Миноуг тағы басқа өнер жұлдыздары мен саясат қайраткерлерінің де бейнелері қуыршақтарға көшеді.   

– Америкада жасалған қуыршақтардың жасанды көшірмелері ғой бізге жеткен. – Райхан баса көктеп көкейіндегі ойын төгіп тастады.

– Тоқтаңдаршы, мен қазір... – Әсел сыныптас құрбыларына қарап көзін төңкерді де, содан соң үйіне қарай жүгіре жөнелді.   Көп ұзамай құшағына бірнеше қуыршақ қыстырып қайта келді.

– Мынау – Лаура. Шүберек денесін сымдар қозғалысқа түсіреді. Көріп тұрсың ба, отырады, тұрады, жүре де алады. Ал, мынау шипалы шөптен жасалған «стригушка» деп аталатын қуыршақ. Мә, сендерге!

Айдана мен Нұржамал аяқ астынан сыйлыққа ие болды.

– Достығымыз үшін, – деді Әсел жымыңдап. – Қолдарың тигенде хабарласыңдар, жарай ма? Жазғы ұзақ демалыста қуыршақтармен ойнаймыз. Айтпақшы, Айдана, сенің ініңе ертең «Кен» деп аталатын қуыршақты берем. Шымыр денелі, шыныққан жігіт бейнесін көріп, тентектігін қояр.

 Қыздар мәз. Олар түскі тамаққа, үйлеріне асығып барады. Сосын күн сайын ойынның жаңа бір түрін ойлап табады.

Суретін салған Ерлан Момбаев

503 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы