- Балаларға базарлық
- 30 Наурыз, 2022
ТАЗАЛЫҚ – ИМАННЫҢ ЖАРТЫСЫ
Дүйсен МАҒЛҰМОВ
Наурыз айының бас кезі. Көктем келгенмен, күн құбылмалы. Бір күн суытса, бір күн жылып кетеді. Бүгін аспан шайдай ашық. Күн жылы шуақ шашып тұр. Түске таман Иман мен Алмас сабақтан шығып, үйге қарай бет алды.
– Күн ысып кетті, ә, – деді Иман үстіндегі қалың күртесін ауырсынып.
– Иә, – деді Алмас оны қостап. – Бәрін қойшы, сырғанақ еріп кететін болды.
– Жүр онда, сырғанақты көре кетейік. Не боп жатыр екен? – деді Иман.
– Кеттік онда, – деді Алмас та оны бірден қолдап.
Екі дос ауыл шетіндегі дөңге қарай тартты. Жолдың ортасы батпақ. Шетіндегі қарлар әлі еріп бітпеген. Екеуі жол жиегін жағалап дөңге де жетті. Дөңнің күнгей жағы бусанып еріп жатыр. Кейбір тұстарында жер көрініп қалыпты. Екеуі дөңді айналып теріскей жағына барды. Бұл жақтың қары әлі бар. Сырғанақ та жылтырап жатыр. Екеуі сырт киімдері мен сөмкелерін төменге тастап, дөңге көтерілді. Екі-үш қатар сырғанақтың ортаңғысына келіп, төмен қарай созылып жатқан көк мұзға үңіле қарады. Мұздың беті жіпсіп жатқан сияқты. Аяқтарымен түртіп көрді. Асты әлі қатты.
– Иман, төмен қарай сырғанап түсейік. Биылғы соңғы сырғанағанымыз болсын. Мынадан ертең-ақ түк қалмайтын сияқты ғой, – деді Алмас.
Сөйтті де өзі жүрелеп отыра қалып:
– Ұста белімнен, – деп Иманға бұйыра сөйледі.
...Екеуі төмен қарай құлдилай жөнелді. Мұз бетіндегі су жан-жаққа шашырап жатыр. Оған қарап жатқан олар жоқ. Мәз болып, қиқулап келеді. Кенет... Сырғанақтың бітер тұсына келгенде екеуі ұмар-жұмар құлады. Сөйтсе, ол жер ойпаңдау екен. Күнгей жақтан еріген шалшық су осы жердегі қардың астына жиналған ғой. Жұқа қар ойылып, екеуі суық суға күмп берген. Не күлерін, не жыларын білмей, сүме-сүмелері шығып орындарынан әзер тұрды. Енді міне, екеуі ауылға қарай ілби басып келеді. Анда-санда бір-біріне «сен ғой» дегендей ала көзбен қарап қояды.
Иманның үйіне жақындай бергенде қарсы алдыларынан Ислам ата шыға келді. Екеуінің түрін көрген ол:
– Әй, сендер ана терең арыққа түсіп кеткеннен саусыңдар ма? Одан қалай шықтыңдар? Құдай сақтап қалған ғой сендерді. Қане, тез үйге кіріңдер. Ауырып қаласыңдар, – деп, үйге кіргізіп, шешіндірді де екеуін екі көрпеге орап тастады. Айша әжей екеуінің лас киімдерін кір жуғыш мәшинеге салып жатты.
Немересі мен досының не жағдайға тап болғанын өздерінен естіп білген Ислам ата басын шайқап біраз отырды да, әңгімесін бастады.
– Сен екеуің таңертең мектепке мұнтаздай таза боп кеттіңдер. Енді содан қандай күйде оралып отырсыңдар. Мектеп киімімен сырғанақ тебуші ме еді? Оның былғанатынын сол кезде неге ойламадыңдар? Ол киімдер ертең де керек қой сендерге. Тазалықты ойласаңдар, олай істемеген болар едіңдер. Мұхаммед пайғамбар бір хадисінде: «Тазалық – иманның жартысы» деген екен. Бұл – иманы бар адам ешқашан лас болып жүрмейді деген сөз. Ислам діні киім тазалығына аса мән берген. Қасиетті Құранда да: «Киіміңді таза ұста» деп ескертілген. Бірде киімі кір кісіні көрген ардақты пайғамбарымыз: «Мына кісі киімін жуатын су таба алмаған ба?» – ренішін білдірген екен. Осы сөзімен-ақ, ол мұсылмандарды киімін таза ұстауға шақырған. Қасиетті Құранда: «Әй, адам баласы! Мешітке барған сайын әдемі киімдеріңізді киіңіздер» деген аят та бар. Ал тағы бір хадисте: «Алла Тағала тазаланғандарды жақсы көреді. Ендеше, үйлеріңіз бен киімдеріңізді таза ұстаңыздар» делінген екен. Иман, өткенде өзіңе тіс тазалығы туралы айтып едім. Бүгін міне, киім тазалығы туралы айтуға тура келді. Мен айтқандарды екеуің де көкейлеріңе жақсылап түйіп алыңдар.
Сондай-ақ, исламда қол тазалығына да көп мән берген. Бізге жеткен бір хадисінде Алла елшісі: «Тамақтың берекеті – тамаққа дейін және тамақтан кейін қол жуу» депті.
Ендеше, барып қолдарыңды жақсылап жуып келіп, тамақтарыңды ішіңдер. Одан соң моншаға түсесіңдер, – деді Ислам ата екі досқа кезек қарап.
Атаның әңгімесін бастары салбырап отырып тыңдаған екеуі орындарынан тұра салып:
– Ата, әже, бізді кешіріңіздер! Енді мұндайды қайталамаймыз, – деп, жуынатын бөлмеге қарай жүгіре жөнелді.
Суретін салған Ерлан Момбаев
1210 рет
көрсетілді245
пікір