• Балаларға базарлық
  • 30 Наурыз, 2022

ҚАРҒА МЕН ШЕГІРТКЕ

(Лаос ертегісі)

Ертеде бір қарға болыпты. Кәдімгі қара қарға. «Қарқ-қарқ» етіп ұшып-қонып, үнемі жемтік іздеп жүреді екен.

Күндердің бір күні қарға ұшып келе жатып жапырақтың бетіне жабысқан шегірткені көріп қалады. Көрген бойда қасына жетіп:

– Қарқ-қарқ! Қарным ашты. Мен сені жеймін, – дейді.

Шегіртке қорқып кетеді. Бірақ та, бойын үрей билегенін қарғаға сездірмей, былай деп үн қатады:

– Қарға мырза, менің сізге бір өтінішім бар. Бес жұмбақ жасырайын. Егер шешуін тапсаңыз, жей беріңіз. Ал таба алмасаңыз, жанымды қиыңыз.

Шегірткені бір шоқып, қылғыта салмақ болған қарға ойланып қалады.

– Жарайды! – дейді ол сәл кідіріп. – Тек жұмбағыңды тезірек айт. Cенің мылжың әңгімеңді тыңдап тұратын уақытым жоқ.

– Айтқаныңыз болсын! – дейді оған шегіртке. Содан соң:

– Дүниеде не өткір? – деп бірінші сұрағын қояды.

– Қарқ-қарқ! Осы ма жұмбағың?! Түк те қиын емес екен. Дүниеде пышақтың жүзінен өткір ештеңе жоқ. Бұған талай көзім жеткен, – дейді қарға.

– Таппадыңыз, Қарға мырза! Енді екінші жұмбағымды жасырайын. Дүниеде не жеңіл? – дейді шегіртке.

– Бұл сұрағың да оңай екен. Жеңілдің жеңілі – теректің мамығы. Бұған да талай көзім жеткен, – дейді қарға.

– Тағы да таппадыңыз. Енді айтыңызшы, дүниеде не жүйрік? – дейді шегіртке.

– Атылған жебе жүйрік. Одан ешбір аң-құс қашып құтыла алмас, – дейді қарға.

– Енді төртінші жұмбағымды жасырамын. Жақсылап ойланып алып, жауабын беріңіз. Дүниеде күштінің күштісі не? – дейді шегіртке.

– Қарқ-қарқ! Бәрінен күшті – жолбарыс. Таптым ба?! Енді тезірек бесінші жұмбағыңды айт. Содан соң, сені жеймін, – дейді қарға дауысын өктем шығарып.

– Таппадыңыз! Таппадыңыз! Соңғы жұмбағымды айтайын. Дүниеде не ауыр? – дейді шегіртке.

– Жер ауыр! Одан ауыр не болушы еді?! Әй, ақымағым-ай! Менен айлаңды асырам деп ойладың ба? Қане, тезірек түс аузыма? – деп қарға қанатын қомдап, бір жұтынып алып, шегірткені жеуге ыңғайланады.

– Асықпаңыз, Қарға мырза! Шыдай тұрыңызшы! Жауаптарыңыз дұрыс емес. Бұған менің дәлелім бар, – дейді шегіртке шыр-шыр етіп.

Қарға бұған қатты ашуланады. Ызаға булыққаны сондай, бұрыңғыдан бетер қап-қара болып кетеді. Содан соң:

– Қарқ-қарқ! Қарай көр, мұны! Менен өзін ақылды санап тұр. Айт дәлеліңді! Егер тез арада айта алмасаң, өз обалың өзіңе, – дейді.

– Дәлелімді айтар едім, бәрібір сенбейсіз ғой! Ең дұрысы – Қаз қазыға жүгінейік. Біздің дауымызды сол шешсін, – дейді шегіртке.

Қарға өзінің жауаптарының дұрыстығына сенімді болатын. Сол себепті шегірткенің өтінішін ойланбастан қабыл алады. Сөйтіп оны тұмсығымен іліп алып, ұшып кетеді. Ұшқаннан ұшып отырып, қазыға да жетеді.

Қазының алдында шегіртке сөз бастап:

– Құрметті қазы! Біздің дауымыздың мәнісі былай, қарға мені жемек болды. Мен оған: «Бес жұмбақ жасырамын. Егер жауаптарын таба алсаңыз, мені жей беріңіз» дедім. Алайда қарға бірде-бір жұмбақтың шешуін таба алмады, –дейді.

Қарға сонда:

– Қазы мырза, шегіртке өтірік айтып тұр. Айтқан жұмбағын түгелдей шешіп бердім. Ол менен: «Дүниеде не өткір, не жеңіл, не жүйрік, не күшті, не ауыр?» деп сұрады. Мен: «Дүниеде өткірдің өткірі – пышақтың жүзі, жеңілдің жеңілі – теректің мамығы, жүйріктің жүйрігі – атылған жебе, күштінің күштісі – ну орманның қожасы жолбарыс, ауырдың ауыры – қара жер» дедім. Бұдан артық қандай дұрыс жауап болады? – дейді.

Қазы шегірткеден:

– Ал сеніңше қалай? Жұмбақтардың шешуін өзің айтшы, – деп сұрайды.

Сонда шегіртке:

– Құрметті қазы! Дүниедегі ең өткір нәрсе – сөз. Ең жеңіл нәрсе – кіршіксіз таза көңіл. Ең жүйрік нәрсе – ой, ең күшті нәрсе – сенім, ең ауыр нәрсе – міндет. Менің жауабым – осы. Төрелігін айтыңызшы, менікі дұрыс па, қарғаның жауабы дұрыс па? – дейді.

Қазы біраз ойланып, басын шайқап:

– Сенікі дұрыс, шегіртке! Бәрін де дұрыс айттың. Ал сен, қарға, жеңілдің, –деп қара қылды қақ жарып, әділ шешім шығарады.

Осылайша шегіртке қарғаны дауда жеңіп, ажалдан аман құтылады. Қарға жеңілгенін мойындағанымен, жүрегінің түбіне кек сақтап қалыпты. Содан бері шегіртке көрсе, ештеңе деместен дереу шоқып жеп қояды екен.

Орыс тілінен аударған

Бағдат Мәжитов.

Суретін салған Ерлан Момбаев

1350 рет

көрсетілді

253

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы